Қазақта «Ән – көңілдің ажары» деген сөз бар. Кейде бір ауыз сөз айта алмаған сезімді бір әуен жеткізеді. Шәмші Қалдаяқовтың әндері дәл сондай – адамның жүрегінде айтылмай қалған сырды әуенмен сөйлететін шығармалар. Ән өзгермейді, бірақ оны тыңдаған адамның сезімі өзгереді. Шәмші шығармаларының жылдар бойы халықпен бірге жасап келе жатқанының сыры да осында.
Қазақ музыкасының тарихында талай жақсы ән, талай талантты композитор болды. Бірақ Шәмші әндерінің халық жадындағы орны бөлек. Себебі оның шығармалары белгілі бір кезеңнің ғана үнін жеткізбейді. Олар адамның көңіл-күйін, қуанышын, мұңын, махаббатын, туған елге деген ықыласын жырлайды. Сондықтан Шәмші әндері де ескірмейді.
Сазгердің қырық жылдан астам шығармашылық жолында үш жүзге жуық музыкалық туынды жазуының өзі оның өнер әлеміндегі ауқымын аңғартады. Бірақ Шәмші мұрасын санмен өлшеу мүмкін емес. Оның әр әні халықтың белгілі бір сезімімен, белгілі бір сәтімен біте қайнасып кеткен.
Шәмші шығармашылығын сөз еткенде, оның әндерінің шығу тарихына назар аудармау мүмкін емес. Әрқайсысының астарында өмірден алынған оқиға, адам тағдыры немесе көңілде қалған бір сезім бар. Соның бірі – бүгінде көпшілікке жақсы таныс «Ақ бантик» әні.
Өнердегі Қаражан Әбіләзимов Шәмші Қалдаяқов пен ақын Мұхтар Шахановты үйлену тойына шақырады. Жас жұбайларға сый ретінде не тарту етуге болады дегенде, екі өнер иесі әннен артық сый жоқ деп шешеді. Қаражанның жары мектепті енді бітірген, үлбіреген балауса қыз екен. Сол бейне Мұхтар Шахановтың өлеңіне арқау болып, Шәмші оған әуен қосады.
Осылайша, бір отбасының қуанышынан туған ән кейін тұтас халықтың сүйікті шығармасына айналды.
«Сыған серенадасының» тарихы да талай әңгіменің өзегіне айналған. Бірде Шәмші ақын Төлеген Айбергеновтің үйінде қонақта болып, осы әнді орындап, оның болашақ орындаушысы әлі дүниеге келмегенін айтқан деген естелік бар. Арада жылдар өткен соң әнді Тоқтар Серіков орындап, шығарма эстрада сахнасында кеңінен танылды.
Ал әннің кімге арналғаны жөнінде ел арасында екі түрлі пікір қалыптасқан. Драматург Исраил Сапарбай Шәмшінің сыған қызы Изольдаға ғашық болғанын, оның өз халқымен бірге Тәжікстанға көшіп кеткенінен кейін әннің дүниеге келгенін айтқан. Ал композитордың жары бұл пікірді жоққа шығарып, Шәмшінің сыған халқының музыкасына қызыққанын жеткізген. Осылайша, әннің туу тарихына қатысты түрлі пікірлердің өзі шығарманың халық жадында қаншалықты терең із қалдырғанын аңғартады.
«Дүнген қызы» да сондай шығармалардың бірі. Бұл әннің дүниеге келуін белгілі бір махаббат хикаясымен байланыстыратын әңгімелер кездеседі. Алайда Шәмшінің дүнген қызына ғашық болғаны туралы нақты дерек жоқ. Композитор Жамбыл өңірінде өмір сүрген кезінде дүнген халқының тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, сол ортаның болмысын шығармашылығына арқау еткен.
Әулиеата өңіріне деген Шәмшінің ықыласы ерекше болған. Осы елде жүріп «Дүнген қызы», «Сағынышым менің», «Фосфорлы Жамбыл», «Әсемсің әніңдей» секілді әндер жазған. Өңірдің тынысы оның шығармашылығына сіңіп, әнге айналған.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері – белгілі бір кезеңнің әуені болып қалмай, адам сезімінің уақытқа бағынбайтынын дәлелдеген шығармалар. Ол ел мен жерді, махаббат пен сағынышты, қуаныш пен мұңды қарапайым сөз бен әуен арқылы халықтың ортақ сезіміне айналдыра білді. Сондықтан оның әндері бір адамның өмірінен туып, тұтас ұрпақтың жадында қалды. Бүгінде Шәмші әнін тыңдаған әр адам одан өзіне таныс бір сезімді, өз өмірінен бір сәтті табады. Сазгердің ән-ғұмырының жалғасуының мәні де осында – уақыт өзгереді, тыңдарман өзгереді, ал адам жүрегіне жақын сезімдер өзгермейді.
Ботагөз ИСАТАЙ



