Ұлттық спорт ұлықталған күн

Ұлттық спорт ұлықталған күн
(0 Votes)

 Бүгін аудандық орталық стадионда «TALAPTAN CUP – 2026» жобасы аясында ұлттық спорттың асық ату түрінен аудандық сайыс ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастар арасында салт-дәстүрге деген құрметті арттыруды мақсат еткен спорттық шараға ауданның жастарынан құралған 14 команда қатысты. 

Қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі – асық ату бүгінде қайта жаңғырып, бұқаралық спорттың маңызды бағытына айналып келеді. Осы орайда өткен жарыста қатысушылар мергендікпен қатар, ептілік, дәлдік және командалық ұйымшылдықтарын көрсетті. Тартысқа толы өткен сайыс барысында әр команда жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салды.

Жарыс қорытындысы бойынша III орынды «2-ауыл» командасы, II орынды «Санбаев» құрамасы, ал I орынды «Алтын сақа» командасы жеңіп алып, жарыстың бас жүлдесіне ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

 Іс-шара барысында ұлттық спорттың жас ұрпақты ептілікке, мергендікке, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы ерекше екені айтылды. Мұндай жарыстар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, халқымыздың ұлттық мұрасын жаңғыртуға, салт-дәстүрді дәріптеуге және бұқаралық спортты дамытуға зор үлес қосады.

«TALAPTAN CUP – 2026» жобасы аясында өткізілген бұл сайыс ұлттық спортқа қызығушылық танытқан жастардың басын қосып, достық пен өзара сыйластықты нығайтқан тағылымды шаралардың бірі болды.

С.Бек

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT