Атыраулық жүзушілер су марафонында Жайық өзенінде 5 шақырым қашықтықты еңсерді

Атыраулық жүзушілер су марафонында Жайық өзенінде 5 шақырым қашықтықты еңсерді
(0 Votes)

Атырауда 50 жүзу әуесқойын біріктірген «4 көпір – Атырау-2026» су марафоны өтті. Қатысушылар Жайық өзенінде 5 шақырым қашықтықты еңсеріп, Әлиев, Орталық, Мечников және Жилгородской көпірлерінің астынан жүзіп өтті, деп хабарлайды AtyrauPress РСК-ға сілтеме жасап.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында бірінші орынды Никита Бойко иеленді. Екінші орынға Эльдар Сұлтангереев, үшінші орынға Антон Яцук тұрақтады. Әйелдер арасында Арай Мұстахим жеңімпаз атанса, екінші орынды Фания Шарапова, үшінші орынды Шаттық Елеуова иеленді.

Никита Бойко үшін бұл 5 шақырымдық қашықтықтағы алғашқы жүзу болды. Спортшы жарыс алдында толқығанын, сондықтан бірінші орын аламын деп күтпегенін айтты.

«Мен үшін бұл 5 шақырымдық қашықтықтағы алғашқы жүзу болды. Сондықтан қызығушылықпен қатар толқыныс та болды. Бірінші орын аламын деп ойлаған жоқпын. Жарыс тартысты өтті. Бүкіл қашықтық бойы өз қарқынымды сақтап, күшімді дұрыс бөлуге тырыстым», – деді жеңімпаз.

«Atyrau Iron Team» клубының директоры Айбек Тлешевтің айтуынша, марафонның басты мақсаты – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, жүзу мәдениетін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау.

«Біз жарысты «Спорт – есірткіге қарсы» ұранымен ұйымдастырдық. Өткен жылы оны сынақ форматында өткізсек, биыл ауқымын кеңейттік. Қатысушылардың қызығушылығы жоғары. Сондықтан мұндай жарыстарды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Айбек Тлешев.

Марафон соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жарысты Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Atyrau Iron Team» клубы ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT