Атырау өңірінде регби-7 спортының жаңа тынысы ашылып келеді. Былтыр ғана облыстық федерациясы құрылған спорттың бұл түріне қызығушылық күн өткен сайын артып келеді. Осы аптада Атырау қаласында регби-7 турнирі ұйымдастырылып, оған 14 командадан 150-ден астам жас спортшы қатысты. Жарысқа облыс орталығындағы мектеп оқушыларымен қатар өзге де аудандардан жасөспірімдер бақ сынады.
Федерация президенті Рүстем Қабдешевтің айтуынша, бұл бастама жастар арасында жаңа спорт түрін дамытуға тың серпін беріп отыр. Қатысушылардың басым бөлігі – 14-19 жасқа дейінгі жас спортшылар.

– Біздің басты мақсатымыз – жарыс өткізумен ғана шектелмей, регбиді жүйелі түрде дамыту. Соның аясында болашақта өңірде арнайы дайындық алаңын салу жоспарда бар. Қазіргі таңда іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Осы турнирде үздік шыққан командалар Қазақстан чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Яғни, бүгінгі жарыс – үлкен спортқа бастар жолдың алғашқы баспалдағы, — деді федерация басшысы.

Регби – әлемдік деңгейде кең таралған спорт түрі. Оның ішінде регби-7 Олимпиада бағдарламасына енген. Осыны ескерген ұйымдастырушылар жастарды дәл осы бағытқа баулуды көздеп отыр.

Жарыс барысында командалар өзара тартысты ойын көрсетіп, әрбір ұпай үшін аянып қалмады. Жас спортшылардың алаңдағы белсенділігі мен жігері көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор


