Бүгін Қазақстан Республикасы Кубогының қорытындысы бойынша кекушинкай-кан каратэ федерациясының жиыны өтті. Іс-шараға федерация өкілдері, спорт саласының мамандары қатысты.
Жиын барысында Атырау облыстық кекушинкай-кан каратэ федерациясының жыл бойғы жетістіктері сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды.
Федерация президенті, Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың жетекшілігімен өңір спортшылары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені айтылды. Атап айтқанда, осы жылдың 2–3 сәуір күндері Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кубогында атыраулық каратэшілер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, командалық есепте елдің 17 өңірі арасында бірінші орынды иеленді. Бұл – өңір тарихындағы айтулы жетістік. Бұған дейін мұндай биік нәтиже тіркелмеген. Жарыс қорытындысы бойынша Атырау құрамасы 11 алтын, 5 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткіштер спортшылардың кәсіби дайындығы мен бапкерлер еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Шара барысында қатысушыларға арнайы бейнеролик ұсынылып, жарыс сәттері мен жеңіс кезеңдері көрсетілді.
Іс-шарада федерация президенті Мадияр Басшыбаев құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта да өңір спортын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, каратэ спортының дамуына қолдау жалғасатынын жеткізді.
Бұл – өңір тарихындағы тұңғыш командалық бірінші орын. Федерацияның аға жаттықтырушысы Таңат Нұрымовтың айтуынша, бүгінде федерация құрамында 14 жаттықтырушы жұмыс істейді, ал 1000-нан астам бала тұрақты түрде жаттығуда.
-5 жыл бұрынғымен салыстырғанда киокушинкай-кан каратэ өңірде қарқынды дамып, айтарлықтай ілгеріледі, — дейді аға жаттықтырушы.
Өткен жылы Германияда өткен әлем чемпионатында топ жарған Аян Ибрагим бұл жолы да өз мықтылығын дәлелдеп, бірінші орынды иеленді. Оның айтуынша, жарыстағы екі жекпе-жек те оңай болмаған. Ақтөбелік және астаналық қарсыластарының деңгейі жоғары болғанына қарамастан, ол жеңіске жетіп, сенімді өнер көрсете білді. «Екі кездесу де тартысты өтті. Қарсыластарым осал емес еді. Соған қарамастан жеңіске жетіп, бапкерлерім мен ата-анамның үмітін ақтадым», – деген спортшы федерация президенті Мадияр Басшыбаевқа кубокті табыстады.
Облыстық киокушинкай-кан каратэ филиалының жетекшісі Андрей Котов айтып өткеніндей, өңір құрамасы бұған дейін бірде-бір рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын алмаған. Сондықтан бұл нәтиже олар үшін аса маңызды болды. Алға нақты мақсат қойып, жаттықтырушылар құрамымен бірлесіп жұмыс жоспарын талқылаған соң, спортшылармен жүйелі дайындық басталған. Әр жаттығудан кейін олардың психологиялық дайындығына да ерекше көңіл бөлініп, басты мақсат жекелеген спортшылардың, бүкіл команданың жеңісі екені үнемі ескертіліп отырған.
-Ортақ еңбектің арқасында осы мақсатқа қол жеткіздік. Өзім де кезінде ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, ірі жарыстарда жеңіске жеткенмін. Алайда ол кезде бүгінгідей құрмет көрсетіліп, салтанатты қарсы алу бола бермейтін. Сондықтан спортшы еңбегінің бағалануының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бүгінгі шараны ұйымдастырып, чемпиондарды қолдаған барлық азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді Андрей Котов.
Сондай-ақ, ол алдағы жоспарлармен де бөлісті. Бірінші мақсат – өңірде халықаралық турнир өткізу. Ұйымдастырушылар оны өткен жылғыдай жоғары деңгейде өткізуді көздеп отыр. Екінші маңызды міндет-Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсету. Ал ең басты жарыс – Болгарияда өтетін Әлем кубогы. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары басталып, спортшылардың бұл жарыстарға толық құрамда қатысуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылуда.
-Алда үлкен мақсаттар тұр. Спортшыларға тек сәттілік тілеймін. Ең бастысы – жеткен жетістікпен тоқтамай, алға ұмтылып, өз-өзіне сену, – деп түйіндеді ол.
Рита Өтеуғали
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев


