Atyrau Iron Team спортшылары ерекше форматта дауыс берді

(0 Votes)

Атырауда триатлон спортының өкілдері сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Atyrau Iron Team командасының спортшылары кәсіби жүзу экипировкасымен судан шығып, тікелей сайлау учаскесіне бет алды.

 Команда мүшелерінің бұл бастамасы дауыс берудің маңыздылығын ерекше форматта көрсетті. Спортшылар ластары мен гидрокиімдерін шешпестен, су айдынынан сайлау учаскесіне дейін жаяу жүріп, дауыс беруге қатысты.

Atyrau Iron Team – 2020 жылы құрылған триатлон әуесқойларын біріктіретін спорттық команда. Бүгінде оның құрамында Атырау қаласының атынан жергілікті және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысатын 30-50 белсенді спортшы бар.

Алты жыл ішінде команда спортшылары Қазақстандағы және халықаралық жарыстарда 30-дан астам медаль жеңіп алған. Команда Атырауда 8 ашық спорттық жарыс ұйымдастырып, оған 300-400-ге жуық спортшы қатысқан. Сондай-ақ триатлеттер арасында Ironman 70.3 және Oceanman әлем чемпионаттарына қатысқан спортшылар бар.

Atyrau Iron Team өкілдерінің айтуынша, спорттағы белсенділікпен қатар, азаматтық жауапкершілік те маңызды. Осыған орай олар сайлау күні өз таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси үдеріске үлес қосуды жөн көрген.

 Бүгін Атырау облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дауыс беру үшін 278 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Өңір бойынша сайлаушылар тізіміне 428 127 адам бар.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT