Жастардың денсаулығы – қоғамның ортақ жауапкершілігі

Жастардың денсаулығы – қоғамның ортақ жауапкершілігі
(0 Votes)

Бүгінде жастар денсаулығын сақтау – тек медицина саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Өйткені заманауи өмір ырғағында өскелең ұрпақ дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, зиянды әдеттер мен психологиялық күйзеліс секілді түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуде. Осы өзекті мәселе Атырау қалалық №7 емханасы жанындағы «Сенім» жастар денсаулық орталығы ұйымдастырған «Денсаулық, қауіпсіздік және психологиялық тұрақтылық – жастардың болашағы» атты форумда кеңінен талқыланды.

Іс-шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, денсаулықты сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу және психологиялық тұрақтылықты нығайту бағытында маңызды мәліметтер алды. Форум алаңы жастар үшін ашық пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарға жауап табатын тиімді диалог алаңына айналды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл форум заң мен тәртіп идеологиясы аясында ұйымдастырылып отыр. Оның басты мақсаты – жастардың жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және әр азаматтың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау. Бүгінгі кездесу – жай ғана жиын емес, тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді ашық талқылайтын, нақты шешім жолдарын ұсынатын маңызды алаң, — деді ол.

Ал емхана басшысы Гүлнәфис Таңбаева жастар денсаулығы – ел болашағының басты кепілі екенін жеткізді.
– Жастардың сапалы дамуы, олардың ел болашағына лайықты үлес қосуы ең алдымен денсаулығына байланысты. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру – уақыт талабы. Бұл бағытта спортты насихаттау, дұрыс тамақтану мәдениетін орнықтыру, психологиялық қолдау қызметтерін күшейту және зиянды әдеттердің алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Әсіресе, білім беру ұйымдары мен медицина мекемелерінің бірлескен іс-қимылы аса маңызды, — деді ол.


Форум барысында мамандар жастар арасында жиі кездесетін ауру түрлері мен олардың алдын алу жолдары жөнінде түсіндіріп, салауатты өмір салтының маңызын жан-жақты тарқатты. Сондай-ақ жастарға өз ойларын ашық жеткізуге мүмкіндік беретін сенім жәшігінің қойылуы да олардың пікіріне мән берілетінінің айқын көрінісі болды.


Жиында айтылған ойлар мен ұсыныстар дені сау, рухы мықты, саналы ұрпақтың – елдің ең үлкен байлығы екендігін айқындай түсті. Ал сол ұрпақты қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Мәлике МӘЛІК

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT