Биыл жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде 6900-ға жуық босану тіркелсе, былтыр 7900-ға жуық әйел босанған. Ал кесарь тілігі арқылы босану көрсеткіші былтыр 19,7 пайызды құраса, биыл 22,9 пайызға жеткен, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Меруерт Айдарханованың айтуынша, кесарь тілігі жоспарлы және шұғыл түрде жасалады.
- Шұғыл отаға көбіне әйелдердің артық салмақ қосуы, дұрыс тамақтанбауы, салауатты өмір салтын ұстанбауы және қант диабеті сияқты факторлар әсер етеді. Соның салдарынан ірі салмақтағы нәрестелерді шұғыл түрде кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелуге тура келеді», – деді ол.
Сонымен қатар өңірде ана мен бала өлімі азайды. Маман мұны медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және жүкті әйелдерге босануға дейінгі дайындық сабақтарын өткізудің нәтижесімен байланыстырады.
- Атырауда жүкті әйелдерге арналған босануға дайындық сабақтары кестеге сай өткіземіз. Әр емханада мамандар болашақ аналарға босану барысы мен босанғаннан кейінгі кезеңдегі күтім жөнінде түсіндіруде. Алайда мұндай сабақтарға қатысатын жүкті әйелдер саны әлі де аз, – дейді жалпымедициналық медбике Айнагүл Жолдасова.



