Атырау облысында мемлекеттік медициналық мекемелердің дәрігерлеріне арналған білім беру бағдарламасы басталады. Оқыту жұмысын Еуропалық одақ елдерінен келген жетекші халықаралық мамандар жүргізеді.
«AYALA академиясы» жобасы «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында, Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және AYALA қайырымдылық қорының қатысуымен жүзеге асырылуда. Бағдарлама ультрадыбыстық диагностика дәрігерлерін, акушер-гинекологтарды және неонатологтарды қамтиды.
2026 жылы Атырауда пренаталдық УДЗ диагностикасы, жаңа туған нәрестелердің УДЗ зерттеулері және акушерлік-гинекологиядағы күрделі жағдайларға арналған үш бескүндік мастер-класс өткізу жоспарланған. Оқыту қазақстандық мамандарға әлемдік деңгейдегі заманауи клиникалық тәжірибелерді меңгеруге бағытталған.
Алғашқы мастер-класс 15 маусымда басталады. Оған аудандық ауруханалардың, облыстық перинаталдық орталықтың, қалалық перзентхананың және облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері қатысады. Сабақтарды халықаралық деңгейде танылған маман, акушерлік және гинекологиядағы ультрадыбыстық зерттеу жөніндегі Халықаралық қоғамның (ISUOG) ғылыми комитетінің мүшесі, Италия ұлттық ультрадыбыс қоғамының өкілі профессор Тулио Ги жүргізеді. Ол пренаталдық диагностика және фетальды медицина саласындағы жетістіктері үшін халықаралық ғылыми ұйымдардың марапаттарына ие болған.
AYALA қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова былай деді: «Мастер-класстарға, семинарларға және конференцияларға 2,8 мыңнан астам медицина маманы қатысты. Алынған білім Атырау облысында нәресте өлімі мен туа біткен мүгедектікті азайтуға ықпал етеді деп сенемін».
Жоба аясында төрт жылдан бері тегін онлайн-платформа жұмыс істейді, онда бейнесабақтар қолжетімді. Осы уақыт ішінде 1063 сертификат берілген. Қор жалпы саны 30-дан астам мастер-класс пен семинар өткізіп, Италия, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да 14 елдің мамандарын тартқан.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қаратабаев атап өтті: «Ана мен нәресте өлімін одан әрі төмендету Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді… Біз мұндай білім беру бастамалары өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз».
2025 жылы «Теңізшевройл» қолдауымен AYALA қоры Атырау облыстық перинаталдық орталығын жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етті, сондай-ақ неонаталдық хирургия бөлімшесін ашты. Қор 19 жыл ішінде Қазақстандағы 67 перинаталдық орталық пен балалар ауруханасын жабдықтауға 3,2 млрд теңгеден астам қаражат бағыттап, 2007 жылдан бері мыңдаған нәрестенің өмірін сақтап қалуға үлес қосты.


