Оқу-ағарту министрі Келешек мектептерінің түлектерімен кездесті

Оқу-ағарту министрі Келешек мектептерінің түлектерімен кездесті
(0 Votes)

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылындағы мектеп-гимназияда өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім алып жатқан түлектермен кездесті.

Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.

Биыл еліміз бойынша 11-сыныпты 215 мың түлек аяқтаса, 9-сыныпты 343 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Ал Талапкер ауылындағы мектеп-гимназияда 32 түлек үлкен өмірге жолдама алды. Олардың ішінде 2 оқушы «Алтын белгіге», 3 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Министр түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, ел болашағы білімді әрі жауапты жастардың қолында екенін атап өтті.

– Қай салада еңбек етсеңіздер де, туған елдің дамуына үлес қосатын, өз ісіне адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат болыңыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Келешек мектептері» жобасы сіздерге сапалы білім алуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға жағдай жасап отыр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Шара барысында білім саласындағы жетістіктері үшін мұғалімдер мен оқушыларға алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, Талапкер ауылындағы мектеп-гимназия 2024 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған. 1200 орынға арналған білім ордасында бүгінде 598 оқушы білім алып, 65 педагог еңбек етеді.

Мектепте робототехника, STEM, физика, химия, биология, инклюзия және хореография кабинеттері, кітапхана, спорт залдары мен шығармашылық кеңістіктер жұмыс істейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT