С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мұнай-газ саласы мен цифрлық технологияларды ұштастырған Digital Atyrau Forum: From Education to Career in Oil & Gas форумы өтті. Іс-шара білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға және жас мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталды.
Аталған университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, форум аясында өңір өнеркәсібін цифрландыру, инновациялар мен стартаптарды дамыту, сондай-ақ еңбек нарығына бейімделген білікті кадр даярлау мәселелері талқыланды. Сарапшылар өндірістегі цифрлық технологиялардың тиімділігі, жасанды интеллектті енгізу тәжірибесі және жеткізу тізбегіндегі тәуекелдер жөнінде өзара пікір алмасты.

Университет ректоры Гүлзада Шакуликова форумның маңыздылығына тоқталып, бұл алаң жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Басқосуға «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев, Атырау облысы әкімі аппараты басшысының
орынбасары Ербол Жұмабай, ALMA VALLEY ЖШС басшысы Азамат Мұратов, өндіріс саласының мамандары, сондай-ақ Қытай мен Германиядан келген халықаралық серіктестер қатысты. «Бұл – жас мамандарға қажетті құзыреттерді, яғни hard skills пен soft skills бағыттарын түсіндіретін, білім, ғылым, өндіріс және жасанды интеллект тоғысқан бірегей алаң», – деді ректор Г.Шакуликова.

Бүгінде университет 90-ға жуық мекемемен дуалды білім беру жүйесі бойынша жұмыс жүргізуде. Форум барысында жоғары оқу орны мен мұнай-газ саласындағы бірқатар өндірістік және сервистік компания арасында цифрландыру, жасанды интеллект және кадр даярлау бағытында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Панелдік сессияларда өңірлік инновациялық экожүйені дамыту, стартаптарды қолдау тетіктері және жаңа технологиялардың саладағы рөлі жан-жақты қарастырылды.
Айта кетейік, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті AI-Sana бағдарламасын іске асыруда еліміздің батыс өңірі бойынша зәкірлі университет ретінде белгіленген болатын. Бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, студенттердің 100%-ы дерлік жасанды интеллектіні қолдану бойынша базалық курстардан өтті.
Қазіргі таңда оқу процесін толық цифрландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл студенттерге дәрістерді цифрлық форматта қайта қарап, сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, студенттердің үлгерімін бақылау құралдары енгізіліп, алдағы уақытта жасанды интеллект саласында шешімдер әзірлейтін арнайы қауымдастық құру жоспарланып отыр.

Форум аясында жұмыс беруші компаниялардың жәрмеңкесі — Career Expo аясында жетекші компаниялар өз стендтерін ұсынып, HR-консультациялар жүргізіп, түйіндемелер қабылдап, экспресс-сұхбаттар өткізді. Бұл әсіресе бітіруші курс студенттері үшін мансап жолын бастауға үлкен мүмкіндік болды.
Сондай-ақ форумда халықаралық компаниялар мен IT-сарапшылар мансапты жоспарлау, шетелде білім алу мүмкіндіктері, деректер аналитикасы және жасанды интеллект бойынша практикалық кеңестер берді. Іс-шараның маңызды бөлігі – Startup Battle байқауы болды. Онда жас кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынып, сарапшылардың сұрақтарына жауап берді. Үздік стартаптар марапатталып, оларды ары қарай дамытуға қолдау көрсетілді.
Жалпы, Digital Atyrau Forum – білім, ғылым және өндірісті бір арнаға тоғыстырған, болашақ мамандарға бағыт-бағдар берген маңызды диалог алаңы ретінде өз мәресіне жетті.


