Атыраулық оқушылар шет тілдері бойынша өткен республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орындарды иеленіп, дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді.
Петропавл қаласында ағылшын, неміс және француз тілдері пәндері бойынша республикалық олимпиада өтті. Жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушыларды теміржол вокзалында ұстаздары, ата-аналары және сала өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
Олимпиада қорытындысы бойынша ағылшын тілі пәнінен Азат Айтмағамбетов, Окчу Мухаммед Енес және Аяулым Қорған І орын иеленіп, өңір абыройын асқақтатты.
«Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» бөлімінің басшысы Кәмшат Ханалиева дарынды балалармен жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті:
— Дарынды оқушыларды анықтау және қолдау тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Бүгінде өз бетінше дайындалу, қосымша білім алу және түрлі курстарға қатысудың маңызы зор. Биылғы қатысушылар арасында ерекше көзге түскен, табандылығы мен білімге деген ұмтылысының арқасында жеңіске жеткен оқушылар болды. Сонымен қатар, педагогтердің қолдауы мен бағыт-бағдары да үлкен рөл атқарды, — деді ол.


