ЖЕҢІСТІҢ КІЛТІ – БАПКЕРДЕ  

ЖЕҢІСТІҢ КІЛТІ – БАПКЕРДЕ  
(0 Votes)

 Мақат десе бүгінде көптің ойына мұнайдан бұрын футзал келеді. Себебі шағын ауданымыз елімізге талантты футзалшылар сыйлап, биік белестерді бағындырып жүрген спортшылардың мекеніне айналды. Ал сол жетістіктің артында күн сайын тер төгіп, жастарды шыңдап жүрген бапкерлер мен ойыншылардың ерен еңбегі жатыр. Біз бүгін мақаттық футзалшылардың бір күніне куә болып, жеңістің қалай басталатынын көретін боламыз. 

«Маманмен бір күн» айдарының басты кейіпкері - осы аудан спортының дамуына өз үлесін қосып жүрген Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футзал жаттықтырушысы Әнуар Теңдібай. Сағат тілі 9:00-ді соққанда Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне беттеген кейіпкеріміз жұмыс күнін алдымен салауатты өмір салтын ұстанып, дене қыздыру жаттығуларымен бастады. Әрмен қарай шәкірттерін сапқа тұрғызып, күн тәртібімен таныстырды. Мұнда арнайы жаттығулармен тактикалық жұмыстар күнделікті үздіксіз жүргізіледі. Түрлі жаттығулар жасалып, жаттығу уақыты зымырай өте шыққанын да байқамай қалыппыз. Жаттығуларын тәмамдаған соң кейіпкерімізбен өмір жолы тарихында әңгімелестік.

«Мен 1996 жылы осы Мақат ауданында дүниеге келдім. Алғаш мектеп табалдырығын 2003 жылы Х.Санбаев атындағы орта мектебіне 1 сыныпқа барып, 2014 жылы тәмамдадым. Атырау қаласындағы Атырау мұнай және газ университетіне мұнай саласында білім алдым. Сол мұнай саласын аяқтағаннан кейін спортқа, футболға деген қызығушылығым артып, осы спорт саласына оқуға түсуді жөн көріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне дене шынықтыру және спорт мамандығын аяқтап бітірдім», - дейді кейіпкеріміз.

Жаттығу барысында кейіпкеріміздің әр баланың дұрыс жаттығу жасауын қадағалап, жауапкершілікпен қарайтынын аңғардық. Кейіпкеріміз кейін балаларды сапқа тұрғызып, ауладағы футбол алаңына беттеді. Ойын барысында әр жас футболшының ойынына мән беріп, жас футболшылардың ережеден мүлк кетпеуін мұқият бақылап, әр ойыншыға командалық тактиканы үйретті.

 « Жалпы бала күнімнен футболға деген қызығушылығым болатын. 2018 жылдары университет оқып жүріп те футбол ойнайтынмын. Дегенмен футбол ойнап жүрген кездерімде аяқасты дене жарақатын алып қалып, бапкерлікке келдім. Содан кейін өзіммен шамалас жігіттерден құралған команданы жаттықтыра бастадым. «Мақат жастары», «Ермек» командаларын жаттықтырып, Атыраудағы облыстық лигаларға қатыстырып, жүлделі орындар иеленген болатынбыз», - дейді Әнуар Теңдібай.

Жас та болса, бас болып жүрген Әнуар Теңдібайдың Мақат балалар жасөспірімдер спорт мектебінде футбол командаларының жетістіктеріне қосқан үлесі көп. Қарқынды жұмыстарының нәтижесінде ауданымыздың футболшылары көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда ересектер арасында Ерасыл Шарапиденов, Алтынбек Қосекен, Еркебұлан Бейбітұлы, ал жасөспірімдер арасында Расул Ерболұлы, Нияз Алпысбайұлы, Жанмұрат Амандосов, Сауран Сағытжанов сынды аяқдопшылар елімізге танымал футболшылар қатарынан көрініп, көптің көңілінен орын алып жүр.

 Кейіпкерімізбен сұхбаттасып отырып, сағат тілі 12:00 соққанын да байқамай қалыппыз. Балалар футбол ойынының нәтижесі де 4:3 есебімен аяқталды. Жаттығу залында кейіпкеріміз жас футболшыларды сапқа тұрғызып, ойын нәтижесін саралады.

«Қазіргі таңда жақсы жетістіктерге жетіп келеміз. 2022 жылы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан футзалының күміс жүлдегері атандық. 2023 жылы Е – 15 санатында қола жүлдегер, 2024, 2025 жылдары екі мәрте Е – 17 санатында Қазақстанның чемпионаты атанып, күміс жүлдесін иелендік. 2024 жылы 6х6 форматында газонда 2013 жылғы оқушыларымыз ЛЛФ-тың Қазақстанның чемпионы атанды. Және осы 2026 жылы оқушыларымыз Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанса, жуырда ересектер арасында футзалдан 1-ші лиганың қола жүлдегері атандық. Бұл – ең үлкен деген жетістіктеріміздің бірі. Негізінде облыстық, республикалық жүлделеріміз де аз емес. Алға қарай да үздіксіз жаттығулар өз нәтижесін беріп, жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлаймыз деген ойдамын», - дейді кейіпкеріміз.

 Айта өтейік, мақаламыздың басында айта кеткендей, Мақат футбол құрамасында өнер көрсетіп,жаңа белестерге қадам басып, жеңіс жолын жалғап келе жатқандардың бірі - Ерасыл Шарапиденов. Ол алғашында Мақат футзал құрамасының атынан бірнеше додаларға қатысып, алаңдағы шапшаңдығымен басқа да футзал клубтарына ерекше көзге түседі. Ал 2020 жылы бапкерлері Ержан Шарафиев, Жақсылық Амандосов және Әнуар Теңдібай «Атырау» фут- зал клубы жасөспірімдер арасында іріктеу жүргізіліп жатқанын айтып, бақ сынап көруге ұсыныс тастайды. Сөйтіп Ерасыл бағын сынап, іріктеуге қатысып 80-ге жуық спортшының ара- сынан іріктеліп, «Атырау» футзал клубына қабылданды. «Атырау» футзал сапында төрт маусым өнер көрсеткен ол қазіргі таңда жаңа алматылық «Қайрат» футзал клубының сапында екінші маусымын өткізіп жатыр. Ерасыл – қазіргі таңда Қазақстан құрамасының сенімді қақпашысы. Ал бұл жетістік – кішкентай аудандағы мықты бапкерлерінің ерен еңбегі деп білеміз.

 Ауданымыздың беделін асқақтатып жүргендердің қатарында Алтынбек Қосекен де бар. Ол жуырда Қазақстан чемпионатында нәтижелі ойын көрсетіп, Қазақстан бірінші лигасының «Үздік қақпашы» атағын алған болатын. Ал жанкүйерлер арасында «Қазақтың мессиі» лақап атымен аталып жүрген Еркебұлан Бейбітұлы да үздік ойыншылар сапында.

Тарихқа көз жүгіртсек, ауданымызға футбол 1950 жылдары келді. Дәлірек айтқанда, сол кезеңде Гурьев облысында футболдан алғашқы чемпионаттар өткізіліп, Мақат кәсіпшілігінің командасы чемпион атанған. Сонымен қатар 1954 жылы бұл команда дене шынықтыру ұжымдары арасында Қазақстан кубогін жеңіп алды. Мақат футболының екінші даму кезеңі 1960 жылдардың басымен тұспа-тұс келеді. Бұл жылдары аудан орталығында «СМП – 137» «Автобаза» «Мұнайшылар» «Локомотив» секілді командалары құрылды. Бүгінгі аудан футболшыларының жетістігі – сол буын өкілдерінің салған сара жолының жалғасы деуге де болады. 

Бүгінде Мақат футзал командасы қарқынды түрде дамып келеді. Жергілікті спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, аудан намысын абыроймен қорғауда. Бұл – бапкерлер мен спортшылардың табанды еңбегінің нәтижесі. Иә , футзал бапкері командасының жетістігі мен дамуына тікелей әсер ететін маңызды тұлға. Оның тактикалық шеберлігі, ойын- шылармен жұмыс істеу қабілеті және мотивацияны арттырудағы рөлі команданың нәтижелеріне айтарлықтай ықпал етеді. Бапкердің жетекшілігімен команда көптеген жетістіктерге жетіп, қиындықтарды жеңе біледі. Кейіпкеріміз алдағы уақытта да жаңа мақсаттарға ұмтылып, команданың деңгейін көтеру үшін жұмыс істемек. Спорттың бұл түріндегі бапкердің философиясы мен көзқарасы – тек жеңіске емес, сонымен қатар ойыншылардың жеке дамуына да бағытталған. 

Д.Маратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT