Ауданымыздың орталық алаңында «Жасыл ел – 2026» жастар еңбек жасағы маусымының жабылу салтанатына арналған мерекелік кеш өтті.
Жаз бойы туған жердің тазалығын сақтауға, абаттандыру жұмыстарына атсалысып, еңбекке араласқан белсенді жастардың басын қосқан шара көтеріңкі көңіл күйде ұйымдастырылды.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова сөз сөйлеп, «Жасыл ел» жасағының маусым бойы атқарған жұмыстарына тоқталды. Ол жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуының маңызын атап өтіп, еңбек жасағына қатысқан барша сарбаздарға алғысын білдірді.

Маусым бойы өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, белсенділігімен көзге түскен үздік «Жасыл ел» сарбаздары аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапат жастардың еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, олардың қоғамдық ортаға қосқан үлесін айшықтайтын ерекше құрмет болды.
Жастар еңбегінің маусымдық қорытындысына арналған кеш бұдан әрі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары сахна төрінде ән мен жырдан шашу шашып, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ арнайы шақырылған танымал әнші Мағзам Сатыпалды, сахнада «ALHAM» лақап атымен танымал өнер иесі, аудан тұрғындарына өз репертуарындағы әндерін тарту етті. Жастардың сүйікті әншісінің өнер көрсетуі кештің көркін қыздырып, орталық алаңға жиналған көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Осылайша, «Жасыл ел – 2026» маусымы еңбекке баулып, ел игілігіне қызмет етуге ұмтылған белсенді жастардың басын біріктірген тағылымды кезең ретінде өз мәресіне жетті. Жастардың жазғы еңбек маусымы аяқталғанымен, олардың туған жерге деген жанашырлығы мен қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Б.Сағытжан



