«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
(0 Votes)

Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші, ел ертеңі. Олардың қоғамға пайдалы болып, еңбекке араласып, туған өлкенің дамуына үлес қосуы – маңызды міндеттердің бірі.

Осы ретте бүгін Жеңіс саябағында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXII еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шараға аудан әкімі Азамат Мәмбетов арнайы қатысып, жастармен еркін форматта кездесу өткізді.

Аудан әкімі Азамат Саматұлы өз сөзінде жастардың ел болашағының кепілі екенін атап өтіп, туған өлкенің көркеюі әр азаматтың жауапкершілігінен басталатынын жеткізді. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына тоқталып, қоршаған ортаны таза ұстау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасуы қажет екенін айтты.

Кездесу барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері өңірдің экологиялық ахуалы, жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламалар жөнінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, аудан әкімінен нақты жауаптар алды.

Ашық микрофон форматында өткен еркін әңгіме жастарға ерекше серпін беріп, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашты.

Шара соңында қатысушыларға арнайы ұйымдастырылған дастарқаннан дәм ұсынылды.

«Жасыл ел» – жай ғана маусымдық жоба емес. Бұл – жастарды еңбекке баулып, табиғатты қорғауға үндейтін маңызды экологиялық қозғалыс. Аталған жоба арқылы жас буын қоршаған ортаға жанашырлық танытуды, еңбекті қадірлеуді және азаматтық жауапкершілікті сезінуді үйренеді.

Айта кетейік, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXII еңбек маусымы үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде 16 мен 35 жас аралығындағы 30 жас жұмыспен қамтылып отыр. Олар жаз мезгілінде аудан аумағын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге белсенді атсалысады.

Ж.Қамза
Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT