Жуырда аудан аумағында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүру деректерін болдырмау мақсатында “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында арнайы түнгі рейд ұйымдастырылды.
Аталған шараға аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Әділет» жасағының еріктілері мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп қатысты. Рейд барысында аудан көшелері, саябақтар, ойын-сауық орындары мен жасөспірімдер жиі жиналатын аумақтар бақылауға алынды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алу, құқықбұзушылыққа жол бермеу және олардың қауіпсіздігін сақтау. Рейд кезінде мамандар жасөспірімдерге кешкі уақыттағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, заң аясындағы жауапкершілік жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Сонымен қатар, анықталған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі жөнінде ескерту жасалды. Мамандар мұндай профилактикалық шаралардың қоғам тыныштығын сақтау мен жас буынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, аудан көлемінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
Б.Серік



