Жуырда орталық алаңда «Белсенді өмір сүру» клубының бастамасымен «Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат» тақырыбында тәрбиелік мәні зор шара ұйымдастырылды.
Тағылымды кездесудің басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен жөн-жоралғыларын дәріптеу, ұлттық мұраны жас буынға кеңінен насихаттау және аға ұрпақтың өмірлік тәжірибесін кейінгі буынға өнеге ету.

Шара барысында ауданның ардагер әжелері халқымыздың бүгінгі таңда көп айтыла бермейтін дәстүрлерін таныстырып, олардың бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасы ынтымағы мен ұлттық тәрбиеге негізделген салттардың мәні жөнінде тағылымды әңгімелер өрбіді. Сондай-ақ жастарды атадан балаға жалғасқан салт-дәстүрді қадірлеуге, ұлттық мұраға құрметпен қарауға үндеді. Мұндай басқосулар ұрпақтар арасындағы байланысты бекемдеп, жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында табиғатты аялау, айналаны таза ұстау және туған өлкенің көркеюіне атсалысу мәселелері де қозғалды. Қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акцияны қолдай отырып, қоршаған ортаны қорғау мен туған жерге жанашырлық таныту әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.

Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті ұштастырған тағылымды шара қатысушыларға жақсы әсер сыйлап, кейінгі ұрпаққа құнды ой қалдырды.

Б.Сағытжан



