Мақат кенті әкімдігінің үлкен залында шахматтан спорт шеберлігіне кандидат, аудандық және облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы Мизам Жолиманұлын еске алуға арналған аудан ардагерлері арасындағы шахмат турнирі ұйымдастырылды.
Тағылымды шараның басты мақсаты – саналы ғұмырын спортты дамытуға арнаған, шахмат өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мизам Жолиманұлының жарқын бейнесін ұлықтап, оның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Турнирдің ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Тәжімұратов сөз сөйлеп, Мизам Жолиманұлының өмір жолы мен спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталды.

«Мизам Жолиманұлы – тек шахмат тақтасында ғана емес, өмір жолында да көпшілікке үлгі болған азамат. Ол спортты серік етіп, талай жарыста ауданымыздың мерейін үстем етті. Бүгінгі еске алу турнирі – ардақты азаматтың есімін ұлықтап, кейінгі буынға оның өнегелі жолын насихаттаудың жарқын көрінісі. Осындай игі шаралар аға буын арасындағы бірлікті нығайтып, шахмат спортының дамуына серпін береді. Алдағы уақытта жыл сайын еске алу турнирін ұйымдастыруды қолға алу қажет»,-деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Әнесұлы.

Сондай-ақ, оның адамгершілік қасиеттері мен ел арасындағы сый-құрметі туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті.

Тартысқа толы өткен жарыс барысында қатысушылар өзара шеберліктерін сынға салып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Қыдырғали Бисенов пен Төлеуіш Иманалиев иеленсе, ІІ орын Көбейсін Саюповқа бұйырды. Ал І орынды Естай Ғинаятов жеңіп алып, турнирдің жеңімпазы атанды.
Осындай игі шаралар ардақты азаматтардың есімін ұлықтап қана қоймай, шахмат спортын насихаттауға және ардагерлер арасындағы белсенді өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Б.Серік



