Бүгін аудандық орталық стадионда 11 қыркүйек – Отбасы күніне орай ұйымдастырылған екі күндік отбасылық турнир өз мәресіне жетті.
Турнирге жалпы саны 16 отбасы командасы қатысып, өзара тартысты ойын көрсетті.









Бірнеше кезеңнен тұратын бәсекеде үздік нәтиже көрсетіп, жартылай финалға жолдама алған төрт команда жүлделі орындарды сарапқа салды.
Алаңдағы әр ойын тартысты өтіп, қатысушылар жеңіске деген жігері мен ұйымшылдығын көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Доссор кентінен келген Тампиевтер әулеті иеленді. ІІ орын Атырау қаласы, Алғабас ауылынан келген Қаршығаевтар әулетіне бұйырса, І орынды Құлсары қаласынан келген Амандықовтар әулеті жеңіп алып, турнир жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекбол Әбуов қатысып, үздік командаларға жүлделерін табыстады.
Сонымен қатар турнир барысында ерекше көзге түскен ойыншылар да арнайы номинациялармен марапатталды.
Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» номинациясы – Әсет Әбдіғалиевке, «Үздік қорғаушы» – Нұрмахан Қаршығаевқа, «Үздік шабуылшы» – Еркебұлан Қырықбаевқа, ал «Үздік ойыншы» атағы – Әлібек Амандықовқа берілді.
Отбасылық турнир спорттық бәсекемен ғана шектелмей, жанұя мүшелерін бір алаңға жинап, өзара қолдау мен ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
С.Бек
Суреттер автордікі



