“НАҒЫЗ ҚАЗАҚ - ДОМБЫРА”

(0 Votes)

 Бүгін ауданымыздағы орталық алаңда ұлттық домбыра күніне арналған «Нағыз қазақ – домбыра» атты мерекелік кеш өтті.

 Аталған шара өнер мектебі ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған «100 күй – 1 домбыра» челленджімен басталды.

 Күй күмбірі әуелеген сәтте ұлттық өнердің құдіреті мен қазақ рухының асқақтығы айқын сезіліп, көрермендер ерекше әсерге бөленді.

Шара барысында жүргізушілер домбыраның халқымыздың рухани өміріндегі орны мен тарихи маңызына тоқталып, жиналған жұртшылықты ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

 Салтанатты кеште аудан әкімі Азамат Мәмбетов құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнерді ұлықтау – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар домбыраның ұлттың болмысын, тарихы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қасиетті мұра екеніне ерекше тоқталды. Концерттік бағдарлама «Домбыра үні» биімен басталып, одан әрі Р. Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен жалғасты.

 Оркестр дирижері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Сая Жұмашеваның жетекшілігімен көрермендерге қазақ күй өнерінің жауһарлары ұсынылды.

 Кеш барысында Сүгірдің «Ыңғай төкпе», Ахмет Жұбановтың «Би күйі», Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым», Ахметбек Әлпекұлының «Жылқышы», Құрманғазының әйгілі «Адай» күйлері орындалып, ұлттық музыка өнерінің тереңдігі мен көркемдігі кеңінен насихатталды. Артынша аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.

 Ұлттық өнердің қадірін арттырып, күй мен әннің құдіретін дәріптеген бұл кеш аудан тұрғындарына ерекше әсер сыйлады.

Домбыраның қоңыр үнімен өрілген мереке халқымыздың мәдени мұрасын насихаттап қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға өз үлесін қосты.

Б.Серік

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT