Бүгін Доссор кентіндегі “Қара алтын” мәдени-өлкетану мұражайы ғимаратында “Ұлттық өнер – ұлт мұрасы” атты ауданымыздағы талантты дизайнер Бекзат Арыстановтың авторлық ұлттық және заманауи стильдегі киімдер көрмесі мен шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – ұлттық киім үлгілерін дәріптеу, жас буынға қазақы нақыштағы сән өнерінің ерекшелігін таныстыру, сондай-ақ қолөнер мен тігіншілік саласына қызығушылықты арттыру болды.

Көрмеге зиялы қауым өкілдері, тігіншілер, студенттер мен өнерсүйер қауым қатысты. Келушілер дизайнердің ұлттық нақыш пен заманауи сәнді ұштастырған ерекше туындыларымен танысып, киімдердің жасалу ерекшеліктеріне қызығушылық танытты.
Еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар дизайнерге түрлі сұрақтар қойып, сән әлеміндегі тәжірибесі, шабыт көздері мен ұлттық киімнің қазіргі қоғамдағы маңызы туралы әсерлі жауаптар алды.

Шара әрі қарай шеберлік сағатымен жалғасты. Онда Бекзат Арыстанов қатысушыларға киім пішу мен сәндеудің қыр-сырын түсіндіріп, ұлттық ою-өрнектерді заманауи үлгіде қолдану тәсілдерін көрсетті.
Ж.ҚАМЗА
Суреттер автордікі


