Еркін форматтағы кездесу

(0 Votes)

Бүгін ел өміріндегі жаңғыру үдерістерін талқылап, мемлекеттік бастамалардың мәні мен мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында аудандық коалиция мүшелері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінде болып, №8 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу еркін пікір алмасу сипатында ұйымдастырылып, онда елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғырулар мен қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен қозғалды. Әсіресе жаңадан қабылданғалы жатқан Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен баптары жан-жақты түсіндіріліп, оның мемлекет дамуына қосар үлесі жайында салмақты ойлар айтылды.

Жиында алғаш болып сөз алған «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айбол Долдашев ел көлемінде қолға алынған реформалардың маңыздылығына тоқталып, конституциялық жаңашылдықтардың қоғам өміріндегі орнына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жаңа өзгерістер азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Одан кейін коалиция мүшесі Ғалымжан Орынбаев сөз алып, Жаңа Конституцияда көрініс тапқан бірқатар негізгі баптарды кеңінен тарқатты. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті арттыру, заң үстемдігін бекемдеу, азаматтық белсенділікті күшейту мәселелері құжаттың өзегін құрайтынын атап өтті.

Кездесу барысында өрт сөндіру қызметінің мамандары да өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, қоғамдық өмірдің өзекті жайттарына қатысты ойларын білдірді. Әсіресе тестілеу жүйесі, мемлекеттік тілдің мәртебесі, білім мен кәсібилікті жетілдіру мәселелері сөз болды. Кездесу соңында өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері ел болашағына қатысты маңызды бастамалардың түсіндіріліп жатқанына ризашылықтарын білдіріп, мұндай пікір алмасулардың қоғам үшін айрықша мәнге ие екендігін жеткізді.

Г.Жұбанышқалиева

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT