ЕЛАМАНҒА АТ МІНГІЗІП, ШАПАН ЖАПТЫ...

ЕЛАМАНҒА АТ МІНГІЗІП, ШАПАН ЖАПТЫ...
(0 Votes)

Жуырда Алматы қаласында өткен аралас жекпе – жектен NAIZA 85 халықаралық турнирінде жерлесіміз Еламан Саясатов ең жеңіл салмақта чемпион атанған болатын.

 Туған жерінің мерейін үстем еткен спортшының бұл жетістігі доссорлықтар үшін үлкен қуаныш болды.

 Осыған орай ауыл азамататры чемпионды ерекше құрметпен қарсы алып, жеңісті лайықты түрде атап өтті.

Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен өткен шараға спортшының ағайын-туыстары мен ауылдастары қатысып, Еламанның қуанышына ортақтасты.

Қазақы дәстүрге сай спортшыға ақтан дәм татқызып, ата-анасының иығына шапан жабылды. Сонымен қатар, Доссор кентінің 3 ауыл тұрғындары Еламанға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстап, ұлттық дәстүрді ұлықтаған ағалары Мұрат Өтешбаев пен Қуаныш Сүйенқұлов спортшыға ат мінгізді. 

«Еламанның осындай биік белесті бағындырып, туған жерінің атын шығарып жүргеніне қуаныштымыз. Спортта жеңіске жету үшін үлкен еңбек, төзімділік пен тәртіп қажет. Оның осы жолда жасаған еңбегі ақталып, елінің құрметіне бөленіп жатқаны қуантады. Ат мінгізуіміз – інімізге деген ағалық ықыласымыз бен қолдауымыздың белгісі. Алдағы уақытта да жеңістері көп болып, қазақтың көк туын биікте желбірете берсін», – деді Доссор кентінің тұрғыны Мұрат Өтешбаев.

 

Кеш барысында Еламанның ата-анасы ұлдарының жетістігіне қуанып, құрмет көрсеткен ауылдастарына алғыстарын білдірді.

Туған жердің қолдауы мен елдің ықыласы – спортшы үшін үлкен мәртебе. Жерлестерінің құрметіне бөленген Еламан Саясатовтың бұл жеңісі Доссор жұртшылығының ортақ қуанышына айналды.

Д.Маратұлы,

Суреттер автордікі

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT