Түркі тілдес халықтарды ғасырлар бойы бір-біріне жақындастырып, тарихи һәм мәдени сабақтастығын айқындап келе жатқан ортақ құндылықтар аз емес. Соның бірі – атадан балаға мирас болып жеткен салт-дәстүр мен ұлттық ойындар. Ұлттық ойындар – халықтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, ерлік пен ептілікке деген көзқарасын танытатын рухани мұра. Бүгінде бұл құндылықтар халықаралық деңгейде дәріптеліп, түрлі елдердің басын бір арнаға тоғыстыруда.
Осы орайда Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызы ерекше. Биылғы байрақты бәсеке 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында ұйымдастырылып, оған әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Жарыстар спорттың 43 түрі бойынша өтіп, оның ішінде көшпелі өркениеттен бастау алған қазақ халқының ұлттық спорт түрлері де кеңінен қамтылды.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, халықаралық спорт додасының жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі. Бұл – көшпенділер өркениетінің ортақ мұрасын ұлықтап, түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтатын маңызды шаралардың бірі.
Қазақстан бұл дүбірлі додада да қалыс қалмай, ұлттық спорттың мәртебесін биіктетті. Еліміздің намысын 43 спорт түрінің барлығында бақ сынаған 150-ден астам спортшы қорғады. Атап айтқанда, аударыспақтан Қазақстан құрамасы екі бірдей алтын медаль иеленді. Ұлттық ат спортының тағы бір күрделі бағыты – алыс қашықтыққа ат шабу, яғни жорық сайысында қазақстандық шабандоздар үздік нәтиже көрсетті. Спортшылар 300 шақырымдық қашықтықты төрт күн ішінде еңсеріп, мәреге бірінші болып жетті. Бұл нәтиже шабандоздардың ғана емес, қазақтың ат үстіндегі мәдениеті мен жылқыны баптау дәстүрінің де биіктігін көрсетеді.
Нәтижесінде Қырғызстандағы көшпенділер ойындарында отандас-тарымыз аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ және ат жарысында сәтті өнер көрсетті. Жалпыкомандалық есепте 32 алтын жүлдемен Қазақстан құрамасы топ жарды.
Айтулы додаға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, «DALDIK pen RUH» кітабының авторы, садақшы Бақберген Сәлімов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, садақ ату спорты бойынша халықаралық деңгейдегі төреші қызметін атқарды.

«Садақ ату спортымен 2021 жылдан бері кәсіби түрде айналысамын. Осы уақыт аралығында аталған спорт түрінің қыр-сырын меңгеріп, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтадым. Өзім де 2024 жылы Көшпенділер ойындарында садақ ату спортынан бақ сынап, қола жүлдені қанжығама байлаған болатынмын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі ерекше жауапкершілік жүктеген жарыс болды», – дейді Бақберген Батиханұлы.
Садақ атумен қатар, Бақберген Батиханұлы осы спорт түрін дамытуға бағытталған жарыстарды ұйымдастыру жұмыстарына да белсене араласып келеді. Бірнеше жарыста ұйымдастырушы қызметін атқарып, спортшылардың өнер көрсетуіне қажетті жағдай жасауға атсалысқан. Сонымен қатар бұған дейін республикалық деңгейдегі жарыстарда төрешілік қызмет атқарып, өз білімін жетілдіріп, кәсіби тәжірибесін шыңдаған.
Спортшының айтуынша, төрешілік қызмет – аса жауапты міндет. Себебі жарыс барысында әр спортшының нәтижесі әділ бағаланып, белгіленген ережелердің қатаң сақталуы қажет. Бұл үшін төрешіден спорттың ережесін жетік білуімен қатар, шапшаң шешім қабылдау, бейтараптық пен жоғары жауапкершілік талап етіледі.
«Бұған дейін республикалық деңгейде төреші қызметін атқарып келдім. Ал биыл VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында халықаралық деңгейде төреші болу бұйырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Себебі әлемнің әр түкпірінен келген мықты спортшылар қатысатын дүбірлі додада төрешілік ету – кәсіби тұрғыдан үлкен жауапкершілік.», – дейді Бақберген Батиханұлы.
Бақберген Сәлімовтің мұндай ауқымды халықаралық додада төрелік етуі – ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Бұл оның садақ ату саласындағы тәжірибесі мен біліктілігінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық спортты насихаттап, оның қыр-сырын кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы еңбектің де маңызын айқындайды.
Садақ ату спортына деген қызығушылығы Бақберген Батиханұлын тек спортшы әрі төреші ретінде ғана емес, ұлттық спорттың тарихы мен тәрбиелік мәнін зерттеп, оны көпшілікке насихаттауға жетелеген. Ол өзінің жинақтаған тәжірибесі мен ізденістерін «DALDIK pen RUH» атты кітабында кеңінен баяндаған.
«DALDIK pen RUH» кітабында дәстүрлі садақ ату спортының терең тарихы мен рухани маңызы сөз болады. Автор садақ ату өнерінің қазақтың ұлттық болмысымен біте қайнасқан ерекшеліктеріне тоқталып, оның ұрпақ тәрбиесіндегі орнын да жан-жақты көрсетеді. Сонымен қатар дәстүрлі спорттың бүгінгі заман талабына сай дамуы, оның жаңа бағыттары мен мүмкіндіктері туралы ой қозғайды.
Кітапта автордың жеке спорттық тәжірибесі де ерекше орын алған. Бақберген Батиханұлы садақ атудың адамнан тек физикалық дайындықты ғана емес, сабырлылықты, жинақылықты, төзімділікті және ішкі тәртіпті талап ететінін өз тәжірибесі арқылы жеткізеді. Оның пайымынша, садақ тарту барысында спортшының дене дайындығымен қатар, рухани тұрғыдан да қалыптасуы маңызды.
Көшпенділер ойындары – тек спорттық бәсеке емес. Ол – тарихы мен тағдыры тамырлас халықтарды жақындастыратын, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын, атадан қалған мұраны әлемге танытатын үлкен мәдени алаң. Ыстықкөл төріндегі дүбірлі дода да осы мақсаттың жарқын көрінісіне айналды.
Ұлттық ойын ұлттың жадын жаңғыртады. Ал сол мұраны дәріптеген әрбір жарыс – өткен мен бүгінді жалғап, келешекке бағыт сілтейтін рухани көпір. Сонау бабалар дәуірінен жеткен дәстүрлі спорт түрлері бүгінде заман талабына сай жаңғырып, халықаралық деңгейде кеңінен насихатталып келеді. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың уақыт өткен сайын маңызын жоғалтпай, қайта жаңа буынның қызығушылығымен жаңаша сипат алып келе жатқанының айқын көрінісі.
Еліміздің осындай топ жарып, ұлттық спортты ұлықтап жүрген азаматтарының еңбегі айрықша. Олар тек жарыс жолында жеңіс үшін бақ сынап қана қоймай, атадан балаға мирас болған салт-дәстүрімізді, ұлттық өнеріміз бен рухани құндылықтарымызды әлемге танытуға үлес қосып келеді. Әсіресе жас ұрпақтың ұлттық ойындарға қызығушылығын арттырып, оларды елдікке, намыс пен табандылыққа тәрбиелеуде дәстүрлі спорттың орны ерекше болмақ!
Ж.ҚАМЗА



