Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бұл ұғым тек қару асынып, шекара күзетумен ғана шектелмейді. Ол – елге деген адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік, халықтың бейбіт өмірін сақтау жолындағы жауапкершілік.
Қазіргі жаһандану дәуірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда әскери саланың рөлі айрықша маңызға ие.
Әскери сала – ел қорғаны ғана емес, ұлттың рухын көтеретін, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды институт. Себебі әскер қатарында қызмет еткен азамат тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіріп, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. «Әскер – өмір мектебі» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл мектептен өткен әрбір жас жігіт шыңдалып, өзіне деген сенімі артып, елге қызмет етудің мәнін терең түсінеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің Қарулы Күштерін нығайтып, заманауи талаптарға сай әскери жүйе қалыптастырды. Бүгінде еліміздің әскери әлеуеті артып, кәсіби мамандармен толықтырылуда. Бұл – мемлекет қауіпсіздігінің берік кепілі.
Осындай жауапты салада еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – Мақат ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскерге шақыру және әскерден тыс бөлімше бастығы, аға сержант Есенжан Қасанов.
Осы орайда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі аясында жауапты да күрделі салада еңбек етіп жүрген жандардың қызмет жолына үңілмекпіз.
Есенжан Абылайұлы 1994 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Алғаш білім жолын Чехов атындағы мектептен бастап, кейін №6 орта мектепті тәмамдайды.
Әскери отбасында тәрбиеленген ол болашақ мамандығын таңдауда көп ойланбаған. Анасының шекара саласындағы қызметі оның бала күннен әскери өмірге қызығушылығын оятқан. Осы қызығушылық оны Орал қаласындағы Аймақтық инновациялық университетке алып келеді. Жоғары білім алып жүрген кездің өзінде ол елге қызмет етудің маңызын терең түсінеді. «Мамандық таңдау – үлкен жауапкершілік. Сол арқылы Отанға пайда тигізу керек.
Әскери сала маған бала кезден таныс болғандықтан, осы жолды таңдадым. Анамның еңбегін көріп, мен де абыройлы қызмет атқарғым келді», – дейді ол. Оқуын аяқтаған соң, Есенжан Абылайұлы 2016-2017 жылдары Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтейді. Бұл кезең оның өміріндегі маңызды белестердің бірі болды.
«Әскер – ер азаматты шыңдайтын, тәртіпке үйрететін өмір мектебі. Мұнда әрбір күн жауапкершілік пен талапқа толы», – дейді аға сержант.
Оның айтуынша, әскери өмір адамды тек физикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да тәрбиелейді. Таңның атысынан кештің батысына дейін нақты жоспармен жүретін күн тәртібі әрбір сарбазды жинақылыққа, уақытты тиімді пайдалануға баулиды»,-дейді Есенжан Абылайұлы.
Әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 2018 жылы Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармада қызметін бастайды.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман аз уақыт ішінде кәсіби біліктілігін дәлелдеп, 2020 жылы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің байланыс торабы бөлімшесінің командирі қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте ол тәртіп пен шапшаңдықты талап ететін маңызды міндеттерді атқарады. Әскери саладағы әрбір тапсырманың маңызы зор екенін жақсы түсінетін ол өз ісіне әрдайым тиянақтылықпен қарайды.
«Әскери қызмет – темірдей тәртіп пен нақты жауапкершілікті талап етеді. Берілген тапсырманы уақытылы әрі мінсіз орындау – басты міндетіміз», – дейді ол. Оның сөзінше, әскери салада әрбір секундтың, әрбір шешімнің маңызы зор. Себебі кез келген кідіріс немесе салғырттық тек бір адамның емес, тұтас бөлімшенің жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұнда тәртіп – жай ғана талап емес, өмір сүру қағидасына айналған ұстаным. Аға сержанттың айтуынша, әскери қызметкер үшін ең алдымен сенім маңызды. Командир сенім артқан сарбаз өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тиіс. Бұл әскери антқа адалдықтың, елге деген құрметтің көрінісі.
«Бізге жүктелген әр тапсырманың артында мемлекет қауіпсіздігі, халықтың тыныштығы тұр. Сондықтан жауапкершілікті терең сезіну – әрбір әскери қызметкердің парызы», – дейді ол. Сонымен қатар, әскери ортада шыдамдылық пен төзімділік те ерекше рөл атқарады. Қиын жағдайларда сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдай білу – нағыз кәсібиліктің белгісі. Кез келген әскери қызметкер күтпеген жағдайларға дайын болуы керек.
2023 жылы Есенжан Абылайұлы Мақат ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімге ауысып, әскерге шақыру және әскерден тыс бөлімше бастығы қызметіне кіріседі. Қазіргі таңда ол аудан жастарын әскер қатарына шақыру, олардың денсаулығын тексеру, әскери оқу орындарына бағыттау сияқты маңызды жұмыстармен айналысуда. Оның айтуынша, әскери саладағы басты міндеттердің бірі – жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.
«Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы мен аудан әкімінің қаулысына сәйкес 18-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырамыз. Денсаулығы жарамды жастарды әскерге, сондай-ақ әскери оқу орындарына түрлі мамандықтар бойынша жібереміз. Сонымен қатар келісімшарт негізінде сержанттар мен офицерлерді әскери қызметке тарту жұмыстарын жүргіземіз», – дейді аға сержант.
Иә, әскери сала – үлкен жауапкершілік жүктейтін, батылдық пен табандылықты талап ететін қызмет. Бұл жолды таңдау – әркімнің қолынан келе бермейді. Дегенмен, Отан алдындағы парызды абыроймен атқарып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
«Қазіргі таңда ауданда бізге берілген жоспарға сай жұмыстар жүйелі түрде орындалуда. Яғни жыл сайын өңірден Отан алдындағы борышын өтеуге азаматтар аттанып, келісімшарт негізінде әскери қызметте қалып жатқандары да бар», – дейді ол.
Аға сержанттың айтуынша, бұл аудан жастарының әскери қызметке деген қызығушылығы мен жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Әскер қатарына шақырылған азаматтар тек борышын өтеп қана қоймай, өз болашағына да үлкен мүмкіндік алады. Себебі әскери ортада шыңдалған жастар тәртіпке бейімделіп, кез келген салада өз орнын таба алады.
Сонымен қатар, ол әскерге шақыру барысында медициналық тексерулер мен іріктеу жұмыстарының да аса мұқият жүргізілетінін атап өтті. Әрбір азаматтың денсаулығы, психологиялық дайындығы ескеріліп, әскери қызметке жарамдылығы жан-жақты қарастырылады. Бұл – әскер сапасының жоғары болуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі.
«Әскери қызмет – тек міндет емес, бұл – үлкен мүмкіндік. Көптеген жастар әскерден кейін түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Ал кейбірі осы жолды таңдап, кәсіби әскери қызметкер атанып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда», – дейді аға сержант.
Оның сөзінше, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азамат үшін үлкен абырой. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу басты назарда бола бермек. Қорыта айтқанда, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі – әскери қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Олар күнделікті қызметінде ел шебін күзетіп қана қоймай, жастарға үлгі болып, патриоттық рухты қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.
Сондықтан әскери саланы насихаттау, оның маңызын түсіндіру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта атқарылатын әрбір іс – елдің ертеңіне салынған инвестиция іспетті. Отанды қорғау – әр азаматтың борышы болса, сол борышты адал атқарып жүрген жандар – елдің нағыз тірегі. Олар бейбіт күннің бағасын терең түсініп, өз өмірін қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арнаған жандар.
Осындай азаматтардың арқасында халық алаңсыз өмір сүріп, ел еңсесі биік, болашағы нық болмақ. Бүгінгі таңда әскери қызмет – тек міндет емес, абырой мен сенімнің символына айналып отыр. Әскер сапында шыңдалған азаматтар қай салада еңбек етсе де, тәртіп пен жауапкершілікті серік етіп, қоғам дамуына өз үлесін қосуда.
Демек, әскери қызмет – тұлға қалыптастыратын үлкен мектеп, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ендеше, ел қорғаны болған ерлердің еңбегін дәріптеу, олардың ерлігі мен табандылығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі Отанға деген сүйіспеншілік пен адал қызмет – әрбір азаматтың жүрегінде болуы тиіс ең асыл қасиет.
Ж.ҚАМЗА



