Алкогольге тәуелділігі бар тұлғаларды анықтау, оларды медициналық бақылауға алу, емдеу және оңалту жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ отбасылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауданда «Ашық есік күні» және профилактикалық түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Іс-шара аудандық полиция бөлімімен бірлесіп ұйымдастырылып, тұрғындарға алкоголь өнімдерін шамадан тыс тұтынудың адам денсаулығына, отбасылық қарым-қатынасқа және қоғамдық қауіпсіздікке тигізетін кері әсері түсіндірілді. Сонымен қатар алкогольге тәуелділіктің алғашқы белгілері, оның алдын алу жолдары және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, тәуелділіктен арылуға бағытталған медициналық көмек пен оңалту мүмкіндіктері жөнінде түсінік берді. Полиция қызметкерлері өз кезегінде алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың қоғамдық тәртіпке және отбасылық ахуалға әсеріне тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – алкогольге тәуелділіктің алдын алып, азаматтардың денсаулығын қорғау, отбасындағы қолайлы ахуалды сақтау және қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту. Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен зиянды әдеттерден бас тартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ж.Қамза



