Бүгін ауданымыздағы іргелі білім ордаларының бірі — Мұса Баймұханов атындағы мектептің 40 жылдық мерейтойына арналған “40 жылдық тарихтан – цифрлық болашаққа” атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік шара мектеп жанынан құрылған оркестрдің әсем күйлерімен бастау алды.
Көпшілікке ерекше рух сыйлаған жиында батыр Мұса Баймұхановтың ерлігі мен өнегелі өмір жолын бейнелейтін сахналық қойылым ұсынылып, ұстаздар мен қонақтардың көңілінен шықты.

Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова сөз сөйлеп, мектеп ұжымын, ардагер ұстаздарды және түлектерді мерейтоймен құттықтады.
Сонымен қатар, білім саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Келесі кезекте мектеп әкімшілігі тарапынан білім мен тәрбие саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздарға арнайы “40 жылдық” мерейтойлық төсбелгілер тапсырылды.

Мерекелік концерттен кейін қонақтар заманауи үлгіде жабдықталған оқу кабинеттерін аралап, батыр Мұса Баймұхановқа арналған музеймен танысты. Мектеп тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен тарихи деректер көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шара әрі қарай Жеңіс саябағында жалғасын тауып, арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қонақтарға құрмет көрсетілді. Ұлттық дәстүр дәріптелген кеште мерекелік дастарқан жайылып, көтеріңкі көңіл-күй салтанат құрды.

Сонымен қатар, 40 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылған спорттық және интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздары марапатталып, оларға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Тамыры терең білім ордасының 40 жылдық мерейтойы — мектептің өткеніне тағзым жасап, болашағына сенім арттырған тағылымды шара ретінде есте қалды.
Ж.ҚАМЗА
Суреттер автордікі


