Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи дата ғана емес, ұрпақтар, ерлік пен бірліктің символы.
Бұл оқиға бізге бейбіт өмірдің, тұрақтылық пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет еске салады. Қазақстандықтардың осы соғыстағы үлесі зор болды: 1,5 миллионнан астам азамат майданға аттанып, соның жартысынан көбі оралмады. Бүгінгі таңда біз сол ерлікті ұмытпауымыз керек. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Жеңіс күні бізге бейбітшілікті сақтау мен тарихи шындықты бұрмаламаудың маңыздылығын көрсетеді.
Жеңістің 80 жылдығы – тарихи жадыны сақтау ғана емес, сонымен қатар қазіргі халықаралық қатынастардағы тарихты саясиландыру әрекеттеріне қарсы тұрудың да бір белгісі. Көптеген елдерде тарих қайта қарастырылып, кейбір мемлекеттің рөлі төмендетілуде. Сондықтан Қазақстан сияқты елдер өз ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің ерлігін жаңғыртып, тарихты дұрыс түсіндіруі керек. Сонымен қатар, бұл дата – әскери-патриоттық тәрбиенің де маңызды кезеңі. Жастардың өткеннен сабақ алып, бейбітшілікті бағалауы қажет.
Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек соғыста шайқасқан батырларымызды ғана емес, тылда еңбек еткен ата-әжелерімізді де еске алатын күн. Сол кездің қиындықтары мен халықтың бірлігі – бізге үлкен сабақ. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ардагерлердің қатары сиреп келеді. Сондықтан оларға құрмет көрсетіп, ерліктерін насихаттау – біздің міндетіміз.
Қорыта келгенде айтарым, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл өткенге тағзым етіп, болашақ үшін бейбітшілікті сақтау қажеттігін түсінетін маңызды дата. Ардагерлердің ерлігі, тарихтың сабағы және ұлттық бірлік – осы мерекенің басты мәні болып қала береді.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалым-ұстазы, тарих ғылымдарының докторы
Фото: ru.freepik.com