Атырауда «Әділет» партиясы облыстық филиалының конференциясы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір” атты Үндеуін қолдау болды. Сөз сөйлегендер жаңа Конституцияның елдегі саяси және экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне жол ашқанын, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен әділетті қоғам құрудағы маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, конференцияда «Әділет» партиясының Атырау облыстық филиалының басшысын сайлау мәселесі қаралды. Делегаттардың бірауыздан қолдауымен филиал басшысы болып Қонарбай Болат Қайроллаұлы сайланды.
Конференция барысында облыстық филиалдың Саяси кеңесі мен Бақылау-тексеру комиссиясының құрамы да бекітілді. Саяси кеңес құрамына кәсіпкерлік, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да салалардың беделді өкілдері енді. Ал Бақылау-тексеру комиссиясының құрамына экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп, құқықтану және өзге де кәсіби бағыттарда тәжірибесі бар мамандар сайланды.
Осылайша, партияның Атырау облыстық филиалының басшылық құрамы толық қалыптастырылды. Алдағы уақытта филиал тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргізуге, партияның бағдарламалық бастамаларын жүзеге асыруға, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды дамытуға басымдық береді.








