«Теңізшевройл» компаниясы Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жалпы құны 3,9 миллиард теңгеден асатын 34 арнайы техника табыстады. Жоба әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылып, өңірдің экологиялық инфрақұрылымын дамытуға және табиғатты қорғау жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Тапсырылған техникалар қатарында шынжыр табанды экскаваторлар, экскаватор-жүк тиегіштер, батпақты аймақтарға арналған экскаватор, Watermaster амфибиясы, автогрейдер, автокран, фронталды жүк тиегіш, кран-манипулятор, тартқыш көлік, трал және жылжымалы сорғы станциясы бар.
Жаңа техника қоршаған ортаны қорғау, табиғи аумақтарды қалпына келтіру және су ресурстарын сақтау бағытындағы жұмыстарды едәуір күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, батпақты аймақтарға арналған экскаватор мен Watermaster амфибиясының маңызы зор. Олар су-батпақты аумақтарда, тайыз су мен жағалау аймақтарында жұмыс істеуге бейімделген. Бұл техникалардың көмегімен мамандар су айдындарын тазалап, тереңдету, лай шөгінділері мен артық су өсімдіктерін экожүйеге зиян келтірмей жою жұмыстарын жүргізе алады.
Өзендер мен су айдындарының жағдайы экологиялық ахуалға тікелей әсер ететін Атырау облысы үшін мұндай техниканың стратегиялық маңызы ерекше. Ол су тасқыны қаупіне жедел әрекет етуге, жағалауларды бекітуге және қолжетімділігі қиын аумақтарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Компанияның Үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Картабаевтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау компания қызметіндегі басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
— Бұл техникаларды табыстау арқылы біз Атырау облысының экожүйесін, су ресурстары мен табиғи аумақтарын сақтауға бағытталған күнделікті жұмыстарға қолдау көрсетіп отырмыз. Бұл — өңір табиғатын ұзақ мерзімге сақтауға қосылған үлес, — деді ол.
Ал «Табиғат» КМК басшысы Асланбек Рысжанов техникалық парктің жаңаруы, әсіресе экологиялық тұрғыдан сезімтал аумақтарда атқарылатын жұмыстардың сапасы мен жеделдігін айтарлықтай арттыратынын атап өтті.
Айта кетейік, компания өңірдегі экологиялық бастамаларды бірнеше жылдан бері тұрақты түрде қолдап келеді. 2017 жылдан бастап Атырау бекіре өсіру зауытына қолдау көрсетіліп, сондай-ақ Теңіз аумағындағы сирек кездесетін құстарды қорғау жобалары жүзеге асырылуда.
Арнайы техникалардың табысталуы Атырау облысының экологиялық қауіпсіздігін нығайту мен табиғи ресурстарын сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.


