Жасанды интеллект мамандардың күнделікті жұмысына қалай еніп жатыр?

(0 Votes)

Жасанды интеллект мұнай-газ саласында өндірістік процестермен қатар, қызметкерлерді оқыту мен кәсіби дамытуға да кеңінен енгізіліп келеді. Бүгінде маманға өз саласын жетік білу аздық етеді. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану да маңызды кәсіби дағдыға айналып отыр.

Бұл туралы «Теңізшевройл» ЖШС Адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджері Камшат Байжанова PetroHR-2026 іс-шарасы барысында айтып берді.

«Бүгінгі маман - өз саласының сарапшысы ғана емес, технологиялармен тиімді жұмыс істей алатын кәсіби маман», - деді Камшат Байжанова.

Компанияда цифрлық құзыреттерді дамыту қызметкерлерді оқыту жүйесінің маңызды бөлігіне айналған. Мамандар жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша тренингтерден өтіп, Prompt-марафондар мен Prompt Engineering бойынша шеберлік сабақтарына қатысады. Сонымен қатар деректерді талдау және басқа да цифрлық технологияларды меңгереді.

Жасанды интеллектіні жұмыста қолданудың бір мысалы — өндірістік қондырғылар операторларына арналған AI Learning Assistant құралы.

Оны өндірістік оқыту тобының қызметкері әзірлеген. Бұған дейін операторлар біліктілігін растауға дайындалу кезінде қажетті ақпаратты бірнеше дереккөзден іздейтін. Өндірістік рәсімдер бір жерде, оқу материалдары басқа ресурста, ал қосымша ақпарат бөлек орналасқан.

AI Learning Assistant осы материалдарды бір жүйеге біріктірді. Құрал бекітілген оқу және өндірістік материалдар негізінде сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ қызметкерлерге біліктілігін растауға дайындалуға, білімін тексеруге және алған ақпаратын бекітуге көмектеседі. Бұл жүйені компания ішінде әзірлеуге шамамен алты ай уақыт кеткен.

Жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндігі тек IT саласының мамандарымен шектелмейді. Компанияда әртүрлі бағытта жұмыс істейтін қызметкерлердің күнделікті міндеттерін жеңілдетуге және нақты мәселелерді шешуге арналған өздерінің AI-агенттерін құруына мүмкіндік беретін бағыттар да дамып келеді.

Сондықтан цифрлық оқыту техникалық даярлықпен қатар, тәлімгерлік, коучинг, көшбасшыларды дамыту және сабақтастықты жоспарлау бағдарламаларымен бірге жүргізіледі.

«Біздің мақсатымыз дәстүрлі оқыту аясынан әлдеқайда кең. Біз әрбір қызметкер күн сайын үздіксіз дамуға, құндылық жасауға және өз әлеуетін ашуға мүмкіндік алатын орта қалыптастыруға ұмтыламыз», - деді Камшат Байжанова.

Жасанды интеллект кәсібилікті алмастырмайды. Керісінше, қажетті ақпаратты жылдам табуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және күнделікті жұмыс міндеттерін тиімді орындауға көмектесетін құралға айналып келеді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT