Заманға сай болу үшін қандай болмақ керек

(0 Votes)

"Егеменді елдің жастары қандай болуы керек?"  осы сұрақтың жауабына аудан жастары «бас қатырып» көрді.  М.Баймұқанов атындағы орта мектепте аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыппен пікірталас ұйымдастырылды. Сайысқа ауданның бір топ белсенді жастары қатысып, түрлі мәселені көтеріп, оған жауап іздеп көрді.  Өз ойларын ортаға салды.

Жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, рухани адамгершілік құндылықтарды дәріптей отырып, жастардың тіл байлығын дамыту және  ақпаратпен қамтамасыз етуді мақсат еткен пікірталас алаңында төрт түрлі мәселе  арқау болды. Алдымен жастарының арасындағы "понятие" ұғымының мәніне тоқталса, кейіннен діни көзқарас пен спорт туралы ойларын ортаға қосты.

Даттаушы топ тіл тазалығына төнген қауіптен бастап, бала тәрбиесіне деген теріс ықпалдан қорғануды дөп басса, жарыс ережесі бойынша жақтаушы топ та өз ұстанымдарын ұтқыр ойлармен қорғай білді.

debat-1

Дінді желеу етіп, өздеріне ғана мәлім ережеге тоқтаған  қоғамнан жырақтап кеткен жастардың жайы да пікірталас алаңынан айналып өтпеді. Жақтаушылар даулы мәселеге айналған "сақал" мәселесін бабалардан жеткен жол десе, даттаушылар әсіредіншілдердің дәстүрден тыс әрекеттерін қатаң сынға алды.

Түрлі статистикалық  деректер келтіріп, "ойнақтап жүріп, от басып қалған" талай жанұяларды мысалға келтірді.

Талантты жастарымыздың спортты өмірлік серік ете алмауына не кедергі деген сауалға жауап іздеген жастар ауданда қалыптасқан салауатты өмір сүруге кедергі тұстар мен инфрақұрылымды да сыбап салды.

Жалпы, көпке мәлім  ауданымыз бұл күндері кіші аяқ добы, күрес, муай-тай секілді спорт түрлерінен едеуір тәжірибе жинақтап қалғаны анық.  Десек те, сол спортшылардың көпшілігі жиырма бес жастан асар-аспастан, тәуекелдің аздығынан  өз мансабын аяқтайды. Кім біледі? Болашақ спортшылар жасы ұлғайғанына қарамастан, спортты серік етсе, біздің ауданнан да шығып қалар?

debat-3

Міне, осы өзекті нәрселердің барлығы осы басқосуда сөз болды. Сайыстың соңын "Заманауи" деген ұғымды кім қалай түсініп жүр?"  деген тақырыптың айналасында өрбіген пікірталас қорытындылады. Бұл ретте көрермен қатарында қатысқан оқушылар да сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

Даттаушы топ батысқа еліктеп, өзімізді мүлдем ұмытпалық деп бәйек болса, жақтаушы қыз-жігіттер керегін алып, керексізін тастағанның еш айыбы жоқ десті. 

Жастар арасында тұңғыш рет өткізіліп отырса да, пікірлер екіге жарылып, тартысқа толы шара болды.

Шара соңында қазылар алқасы үздік спикерлерді анықтап, ойыншыларды алғыс хаттармен марапаттады.

 А.Садыков

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521