Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқандарға қалай төленеді?

(0 Votes)

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдай (бұдан әрі - ТЖ) кезінде табысынан айрылған жағдайда жаңа әлеуметтік төлем жасау тәртібін әзірледі.

Төтенше жағдай кезінде мәжбүрлі түрде жалақысы сақталмайтын демалыста болуына байланысты табысын жоғалтқан жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төлемдер алады. Бір қызметкерге төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 1 ең төменгі жалақы мөлшерін немесе айына 42,5 мың теңгені құрайды.

МӘСҚ-тан жаңа төлем Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын ҚР азаматтарына келесі шарттарға сәйкес берілетін болады:

- әлеуметтік төлем төтенше жағдай жариялануына байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген (жұмыстан босатылмаған) қызметкерлерге жүзеге асырылады;

- төлем алу үшін қызметкерлерге (жеке кәсіпкерлер өзі үшін) төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айда МӘСҚ-қа кем дегенде 3 ай бойы жарна аударуы қажет;

- әлеуметтік төлем шағын, орта және микробизнес қызметкерлеріне ғана қолданылады;

Жұмыс берушілерге жаңа әлеуметтік төлем тағайындау үшін жергілікті жұмыспен қамту органдарына төтенше жағдай кезіндегі қызметті шектеуге байланысты қызметкерлерінің кірістерін жоғалтуын растайтын құжаттармен (қызметкерлердің тізімі және қызметкерлерге жалақы сақталмайтын еңбек демалысын беру туралы бұйрықтан алынған үзінді) жүгіну қажет.

Жұмыс берушілердің (немесе ЖК) өтінімдерінің негізінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) штаб жұмыс берушіге әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері МӘСҚ төлем төлейтін қызметкерлердің тізімін дербес қалыптастырады.

Әлеуметтік төлем қызметкерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы кезінде, бірақ төтенше жағдайдың ұзақтығынан аспайтын мерзімде төленеді.

Өз кезегінде, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алатын болады. Төлем қаражаты МӘСҚ есебінен жоғалған кірістің 40%-ы мөлшерінде жүзеге асырылатын болады.

Ол үшін жұмыстан босатылған қызметкерке жұмыссыз ретінде тіркелу және жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін халықты жұмыспен қамту орталығына бір өтініш беруі жеткілікті.Төлем автоматты түрде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, егер азамат жұмыссыз ретінде тіркелген болса, әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы өтінішті «электрондық үкіметтің» веб-порталы (www.egov.kz) немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруге болады.

Г.Өтешова,
аудандық халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521