Жастар арасында жыл үздіктері анықталды

(0 Votes)

Ауданымызда шығармашыл, бастамшыл, жаңашыл жастар көп.

Олардың бірі еңбекте белсенді қызмет етсе, бірі спорттық сайыстарда, енді бірі өнер саласында танылып жүр. Өңір жастарының жастық жалынның арқасында жақсы істерімен ел дамуына айтарлықтай қосқан өз үлестері де бар. Осындай жастардың үздіктерін анықтау мақсатында 26 желтоқсан күні «Бақ-Ырыс» мейрамханасында аудан жастарына арналған жаңа жылдық думанды кеш өтті.

Аудан әкімдігінің қолдауымен және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеште 11 аталым бойынша үздік жастар анықталды. Марапатты аудан әкімінің орынбасары Хайдар Мақсотұлы табыс етіп, өз сөзінде қоғамда жастарға артар сенімнің мол екендігіне тоқталды. Айталық, «Жыл жаңалығы» аталымы муай-тайшы Ищан Галиевке табысталса, «Үздік жас отбасы» аталымы Оспановтар жанұясына бұйырды. «Үздік жас тілші» аталымына «Мақат тынысы» газетінің тілшісі Таумұрынова Алмагүл ие болды. «Үздік белсенді жас» аталымына Орынбаев Ғалымжан танылса, «Үздік жас қаламгер» Есимова Жадыра, «Үздік жас спортшы» аталымына муай-тайшы Саясатов Еламан лайық болса, Күнбаева Әсемгүл «Үздік жас маман» атанды. «Үздік жас жайдарманшылар» аталымына «Х.Санбаев командасы» танылып, «Үздік белсенді мекеме» аталымымен Мақат локомотив пайдалану депосы марапатталды.

«Үздік футбол командасы» аталымына «Қуандық» футбол құрама командасы және «Үздік волейбол командасы» аталымына «Мақат жастары» құрама командасы ие болды. Сан салада жетістіктерге жетіп, еркін елдің кемел келешегі жолында еңбектерімен танылған жастар осылайша үздіктер қатарынан көрінді.

Мерекелік кеште аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов: «Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар біздің толқынға қарағанда ұшқыр ойлай біледі. Елбасы үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды алға тартады. Ол мұны кезекті Жолдауында да анық жеткізді. Осындай кештер жастардың жан-жақты қабілеттерін дамытары сөзсіз. Мен бүгінгі шара жастардың қоғамда белсенді болуына өз үлесін қосады деп сенемін»,- деп ақ батасын берді.

Сондай-ақ, кеш барысында бір топ жастар Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының «Алғыс хатымен» Шынтас Серікболсын, Бақтыгереева Ақұштап, Теңдібай Ануар, Жұмахметова Жазира, Асылбек Өтегенұлы, Әленова Ляззат және Атырау облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты филиалының «Алғыс хатымен» Әйгерім Жансұлтанқызы, Алтынгүл Қабидоллақызы, Әйгерім Нұрланқызы, Әсем Мұратқызы, Қуаныш Мәлікұлы, Әділхан Асанұлы марапатталды.

Мерекелік кештің көркін одан әрі Аяз ата мен Ақшақар келіп қыздырды. Әр мекемеден келген жастар өнерлерін көрсетіп, Аяз ата қоржынындағы сыйлықтарға ие болды. Лоторея ойыны ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылды. Жастар ескі "ит" жылымен қоштасып, жаңа "доңыз" жылын қуанышпен қарсы алды.

Мерекелік шара соңында кештің «Ханзадасы» Мақат локомотив пайдалану депосының қызметкері Балпейісов Дастан және «Ханшайымы» Х.Санбаев атындағы орта мектебінің қызметкері Бағытжанова Айымжан атанды. Сондай-ақ, кештің «Үздік белсенділері» болып Х.Санбаев атындағы орта мектебінің ұжымы марапатталды. Шара соңы би кешіне ұласты.

Бұл марапат кеші жастардың өз ісіне берілген лайықты бағасы ғана емес, ары қарай ынталанып, озық деңгейде қалыптасуына жасалған қолдау. Мемлекет басшысы қай кезде де жастар – елдің болашағы екендігін айтып келеді. Қазақ елінің түрлі саладағы әлемдік ареналарда қол жеткізген оңды істерінің барлығы да осындай жастарға деген зор құрметтің нәтижесі болса керек.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521