Жаңа имам тағайындалды

(0 Votes)

Қасиетті жұма күні Мақат аудандық мұсылмандар мешітіне ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров келіп, жамағатты жаңа имаммен таныстырды.

Осыған дейін табан аудармастан бес жылдай ауданда бас имам қызметін атқарып келген Дәурен Құттыбаев өзінің өтініші бойынша қызметінен босады. Енді ол ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың тағайындауына байланысты Жамбыл облысы Қордай ауданының бас имамы, медресе директоры қызметін атқарады. Аудан орталық мешітінің имамы болып ҚМДБ-ның бұйрығымен Сағындықов Біләл Сүннетқожаұлы тағайындалды.

Біләл Сүннетқожаұлы 1990 жылы дүниеге келген. Ол бұған дейін 2010-2014 жылдар аралығында Шымкент медресесінде төрт жыл білім алып, сол жерде бір жыл тәрбиеші ұстаз қызметін атқарған. Одан әрі Құлсары қаласындағы Жылыой аудандық мұсылмандар мешітінде үш жарым жыл азаншы болып, ұстаз, наиб имам қызметін қатар алып жүрген.

Бес жылдай жамағатпен тығыз қарым-қатынас жасап, қайғысы мен қуаныштарында жұртшылықтың жанынан табылған Д.Құттыбаевқа ауыл тұрғындарының атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Халенов сөз алып, ақ тілегін айтты.Сонымен қатар ерікті жастардан құралған "Иман жастары" естелік сыйлықтар табыс етіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Жаңадан тағайындалған имамға ақсақалдар ауыл жұртшылығының арасы тату екенін қаперіне беріп, бірігіп іс жасауға шақырды.

А.САДЫКОВ,

сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521