Әуелі өзің үлгі бол!

(0 Votes)

Баланы тәрбиелеймін десең, ең алдымен өзіңді тәрбиеле. «XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясында осы пікір кеңінен талқыланды.

Іс-шара өткен аптаның сенбісі күні ауданның барлық мектептерінде болып өтті. Республикалық конференцияда баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Баланың мектепке бейімделуіне атсалысып, оның өзіне сенімді болып өсуі үшін дұрыс тәрбие беру жайы айтылды. Конференция кезінде ата-аналар арнайы сауалнамаға жауап берді. «Бұл сауалнама арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін білуге болады», – дейді мамандар. Жалпы, биыл ауданда 6007 оқушы партаға отырды. Соның ішінде 723 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.

Мұндай жиындар көптеген мәселелерді шешуге көмектесетіні анық. Алайда сынып жетекшілерінің айтуынша, ата-аналармен қарым-қатынас орнатуда бірқатар қиындық бар. Өйткені педагогтарға жүктелетін жұмыс шамадан көп. Сондай-ақ жиналысты өткізу әдісі де ескірген. Сайып келгенде, бұл ата-аналардың мектеппен қарым-қатынас орнатуына әсер етеді. Бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясының дәстүрлі жиналыстан ерекшелігі – бұл жас ұрпақты инновациялық білімдермен және отбасылық тәрбиелеу әдістерімен оқытуға бағытталған және түрлі тақырыптарды қамтитын жаңа формат. Жиын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесе ұйымдастырды. Бұл күні Мақат кентіндегі Х.Санбаев атындағы орта мектебінде өткен ата-аналар жиналысында мектеп психологі Ж.Сатанова ата-аналарға арналған психологиялық көмегін аямады. Шаңырақтағы шаттық пен жанұядағы жарасым, отбасындағы орнықты тәрбие мектеп есігін алғаш ашатын бірінші сынып оқушыларының білім жолын­дағы бастапқы қадамдарын нық басып қана қоймай, орта білімді ойдағыдай игеріп, жоғары оқу орнына да қиындықсыз түсуіне жол ашады. Мамандық таңдауда да мүлт кетпеуіне мүмкіндік береді. Осылайша, балалардың өмір жолында алдынан шығатын әрбір жетілу кезеңіне сәтті бейімделуі отбасы мен мектептің, ұстаздардың тығыз өзара әрекетімен, сондай-ақ өзара мүдделілігімен жүзеге асатынын ұмытпаған жөн. Мектеп психологі жоғарыда айтылған жайларға қатысты ойларын ортаға салды. Әсіресе, баланың ақпараттық қауіпсіздігі, интернет-тәуелділік, мектеп ортасына деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алу, отбасылық құндылықты дәріптеу, мектепте оқу кезіндегі жан-жақты қолдау жайын әңгімеледі,

Ата-аналар тарапынан көтерілген мәселелерге сәйкес сауалдар беріліп, ұсыныстар да айтылмай қалмады. Білім саласының ардагері Талас Байғұршымов : Мұғалім, ата-ана және оқушы тығыз қарым-қатынаста болмай, біз оқушының сапасын жоғары дәрежеге көтере алмаймыз. Білім тәрбиесіз берілмейді. Яғни бірінші орында тәрбие тұрады, -десе, Әмірхан, ата-ана: - Баланы әкеп тастап, тек мектепке тапсыру міндет емес. Отбасымызбен оның барлық уақытын өз қадғалауымызда ұстауымыз керек. Балалардың смартфондарды таңға дейін құшақтап жатып ұйықтауына тыйым салатын ата-аналар болу керек. Керісінше, біз жағдай жасадық деген желеумен оларға телефон әпереміз де, оның қолданылуын жіті тексермейміз,-дейді.

Отбасы мен отбасылық құндылықтар ұрпақтардың өзара сабақтастығын қалыптастырады, ынтымақтастығын нығайтады. Отбасындағы тәрбие мен үлгі-өнеге бірінші кезекте жаңа адамның дүниетанымын қалыптастырады. Сондықтан отбасының әр адамның бойын­дағы ізгі қасиеттердің қалыптасуына етер ықпалы зор екенін естен шығармаған абзал. Баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың мойынында. Алайда жұмысбасты жұрттың кейде ұрпағына қарауға уақыты бола бермейді. Тіпті бұл мектептің шаруасы деп білетіндер бар. Соңғы кездері қоғамда жеткіншектерге қатысты түрлі келеңсіз жағдайлар көбейді. Бұл ата-ана мен бала арасындағы тікелей қарым-қатынастың әлсіреуінен туындап отыр. Аталған мәселелерді шешу мақсатымен «XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» тақырыбында ұйымдастырылған конференциядан А.Құнанбаев атындағы орта мектебі де тыс қалмады.

Шараға бірінші сынып оқушыларының ата-аналары қатысты. Конференцияны ашқан мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Анаргүл Өтепқалиева ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқыды. Жиын барысында ата-аналар арнайы сауалнамаға жауап беріп, видеороликтер тамашалады. Орта мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндердің ата-аналарына арналған шарада тәрбие мен білім беру, діни сенім, медицина тақырыптарында кеңестер айтылды. Баланың бейімделуіне байланысты көптеген сұрақтарға түсінік берген мектеп психологі Марал Табынбаева ата-аналарға бала тәрбиесінде шыдамды болуға, баланы қашанда зейін қойып тыңдай білу қажеттігі жөнінде кеңестерін берді. Өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа және зияткерлік әлеуетін арттыруға күш салған конференцияда психолог ата-ананы балаға деген мейірімнің мол болуына баса көңіл бөлуге шақырды. Нұрғанова Қиынша, ата-ана: - Бүгінгі конференцияда психологтің бала психологиясын жақсы біліп қана қоймай, ата-аналарға берген кеңесі менің осы бағыттағы біліктілігімді толықтыра түсті. 21 ғасыр балаларының ойлау қабілеті жөнінде өте жақсы тақырыптар қозғалды. Білмегенімізді сұрап, толықтай жауап алдық. Мұндай конференцияның берері көп. Қазіргі таңда мектеп бағдарламалары да өзгерді. Түсінбейтін мәселелер мұндай жерде айтылып, талқылануы керек деп ойлаймын.

Г.САЛИКОВА,

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Суреттер авторлардікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521