Тәуелсіз елдің төл теңгесі

(0 Votes)

1993 жылы қарашаның 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді.

Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.

Яғни, бүгін төл теңгеміз 25-ке толып отыр. Теңгеміз түрлі жағдайды бастан өткерді. Әсіресе, 1994-1996 жылдары теңге қатты құнсызданды. Дәл осы кезде кәсіпорын, фабрикалар жабылып жатты. Жұмыссыздық көбейді. Бюджет қызметкерлері бірнеше ай бойы жалақысын, зейнеткерлер зейнетақысын ала алмады. Дегенмен, осы үш жылдың ішінде теңге қаншама құнсызданғанмен, инфляцияны жеңді. Егер ұлттық валютамыз рубльмен жүргенде қиындықтар тіптен арта түсетін еді. Сондықтан, экономиканы тұрақтандыруда теңгенің ықпалы мықты болды.

Теңгенің дизайны өзгергенін көзіміз көрді.Бастапқыда тарихи тұлғалардың портреттері берілді. Мұның тәрбиелік, саяси мәні зор болатын. Дегенмен, халықаралық стандартқа сай ұлттық валютаның дизайнын өзгертуге тура келді. Сөйтіп, теңгенің қорғаныс элементтері көбейтілді. 1995 жылдан бері теңге Алматыдағы Банкнот фабрикасында басылып шығады. Ал темір ақшалар Өскемендегі Монета сарайында соғылады. Жетістіктердің бәріне, сайып келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз.

ТЕҢГЕ ТАРИХЫ

1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.

1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикасында басылып шықты.

1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты.

1993 жылы қарашаның 12-сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Респуб-ликасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.

15 қарашада Қазақстан Республикасының өз валютасы айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалады. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнот – Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы наурыздағы №2155 «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, монеталар мынадай түрге бөлінеді:

- инвестициялық монеталар – инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар;

- коллекциялық монеталар – коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар;

- айналыста жүретін монеталар – қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айналымға арналған монеталар. Елімізде инвестиялық монеталар «Жібек Жолы» деп аталады, олар 1996 жылы 19 ақпаннан бастап айналысқа шығарылды.

Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.

ӨЗГЕ БАСЫЛЫМДАРДАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521