Тұрғындар кентті көркейтуге белсенді

(0 Votes)

Доссор мәдениет үйіне  жиналған тұрғындар кент әкімі Ербол Ермағамбетовтың есепті баяндамасын тыңдады.

Аудан әкімі Жұмабай Қарағаев төрағалығымен өткен жиынға кент ардегрлері,маслихат депутаттары,дербес бөлім,мекеме басшылары,кәсіпкерлер,ауыл жастары, белсенділікпен қатысты. Кент әкімі Е.Ермағамбетов әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы баяндамасын жасап, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында халық игілігіне берілген мәдени, әлеуметтік нысандар, жол, жарық орнату мәселелерінің шешімін табуы тұрғындар назарында жүзеге асып отырғанын тарқатты.

Кенттегі әр сала бойынша орындалған істер мен алдағы жоспарларын жадылаған баяндамашы қазіргі таңда жобалық сметалары жасақталу үстіндегі бірқатар жұмыстарға тоқталды.

Кент әкімінің баяндамасына қанағаттанарлық баға бере отырып, көкейде жүрген көп сауалдарын жеткізуде тұрғындар белсенділік танытты.

Жарыссөзге жазылған Н.Байниязов ауыл ішін көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу кент әкімдігінің ықпалымен ұдайы жалғасын тауып отырса, оған қоғам болып атсалысудың маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар, Атырау бағытындағы жолаушылар аялдамасын автостансаға айналдыруға қалған таксишілерге тәртіп берілсе – деген ұсынысын айтып, т.б. шешімін күткен мәселелерге тоқталды. Ал еңбек ардагері Қ.Мыңтұрғанов көптен бері көтеріліп келетін перрон мәселесін қайта қозғады. Жиында өзге де қатысушылар ішаралық жолдардың нақты қай көшелерге жасалатынын айтуды сұраса, енді бірі жол белгілерін орнату қажеттілігін, пошта тасу қызметінің жұмысын жандандыру әлі де кемшін тұрғанын жадылады. Халықтың әлеуетін көтеру мақсатында ішаралық қоғамдық тасымал көліктерді жолға шығаруға ықпал жасаған аудан басшысына ризашылығын жеткізіп үлгерген тұрғындар, Атырау бағытында да маршруттар ұйымдастырылса деген өтініштерін де жасырып қалмады.

Кент әкімі бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатырғанын, сонымен қатар, ескерілер жайттарды тұрғындармен келісе отырып, шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ, кентте іргесі қаланып, жұмысы аяқталмай тұрған спорттық нысандар мердігер мекемелер жауапсыздығынан тоқтап тұрғанын ескертіп, алдағы уақытта бұл жұмысты қайта қолға алу жоспарланып отырғанын айтты. Жиында қозғау салған денсаулық сақтау саласы жұмыстарына қатысты аурухананың суықтығы, жөндеу талаптарын қанағаттандырмай, емделушілер наразылығын тудырып отырғаны, жедел жәрдем қызметінің жаңа жүйемен жұмысын тұрғындар түсіне алмай жүргені туралы да пікірлер айтылды. Бұл сауалдарға аудандық аурухананың бас дәрігері Батырбек Оңдасынов түсінік берді. Себебі, ауруханаға жасалған жөндеу жұмыстары сапасыздығы салдарынан кеткен кемшіліктерді қалпына келтіру мақсатында қосымша қаражат бөлініп, талапқа сай жұмыстар қолға алынған.

Жиында айтылған барлық сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берген жауапты бөлім басшыларына сенім артқан тұрғындар алдында жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жұмабай Қарағаев кент әкімінің есебіне қанағаттанарлық баға берді.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ,

Суретті түсірген: М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521