Оқу-жаттығу оң бағаланды

(0 Votes)

«Сақтықта қорлық жоқ» - демей ме, кез келген төтенше жағдайға төтеп бере алатын азаматтық қорғау күштері қоғам әлеуетін әлсіретпеуге әсер етіп, әрекет ете білуі маңызды.

Еліміздегі «Азаматтық қорғау туралы» заң бабына сәйкес қаулы қабылданып, облыс әкімінің шешімін басшылыққа алған аудан әкімі, аудандық «Азаматтық қорғаныс» бастығы Жұмабай Қарағаев «Азаматтық қорғау қызметтерін» құруға шешім шығарған болатын. Шешімнің 1-ші қосымшасында 13 қызмет атауы бекітіліп, уәкілетті органдарға азаматтық қорғаудың аудандық қызметтерін қамтамасыз ету мен жауапкершіліктері жүктелді. Осыған орай 20-21 қыркүйек аралығында оқу-жаттығу өткізу туралы бұйрық шығарып, 6 түрлі дабыл кестесі жасақталды. Аудан көлемінде кешенді оқу-жаттығуды ұйымдасқан түрде өткізу үшін жетекшілікке аудан әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейісов тағайындалып, штаб бастығы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ербол Қадіралиевпен бірге «Азаматтық қорғау қызметтерінің» сапасын және жұмылдырылған арнайы инженерлік техника, жеке құрамның дайындығын пысықтады.

Ауданның басқару органы, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аудандық аумақтық кіші жүйені басқару органдарының, күштері мен құралдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөніндегі іс-әрекеттерге дайындығы» тақырыбында кешенді оқу-жаттығу өтті. Кешенді оқу-жаттығуды өткізуге арналған дабылдар кестесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегі сағат 14:00-де «Азан-111» дабылды ескертуі нәтижесінде ауданның басқару жүйесі, азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар күш құралдары дайындығы қалпына келтірілді. Мұнан соң сағат 17:30-да «Барыс-222» дабылы апатты өрт, эпидемия және басқа да табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, іс-қимыл жоспары дайындығын қалпына келтіру мақсатында №1,2 тәжірибелік тапсырма берілді.

Кешенді оқу-жаттығу барысында №1 тәжірибелік тапсырма «Интергаз Орталық Азия» АҚ Мақат желілік өндірістік басқармасының №10 шаңтұтқыш қондырғысынан өрттің шығуы болды. Тапсырма бойынша шартты өртті сөндіруге ауданның авариялық қызметтері (101, 102, 103, 104, энергетика, су беру, шұғыл мән беру отряды және көліктік коммуникация жүйелері) барлық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар құрамалары дайындықтары қалпына келтіріліп, кешенді шара аясында тәжірибелік №1,2 оқу-жаттығуға 15 мекеме, 30 қызметкер, 22 дана арнайы автокөліктер жұмылдырылды.

Шартты өрт салдарынан мекеменің 2 қызметкері жарақат алып, «Азаматтық қорғаудың медициналық қызметімен жедел жәрдем көмегі көрсетілді. Сонымен қатар, шартты өрт салдарынан тараған газден уланудың алдын алу шараларын жүргізу мақсатында жақын маңда орналасқан «Ынтымақ» ықшам ауданының 35 тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Оқиға орынынан табылған «Мақат кенті әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі қызметкерлері қоғамдық тәртіп сақтау тобымен бірлесе, тұрғындарды автобус көлігімен тасымалдап, М.Баймұханов атындағы орта мектепте орналасқан №4 Жиналу көшіру пунктіне орналастырылды. Пунктке мектептің спорт залынан орын беріліп, 50 орындық кереует, ана мен бала бөлмесі, асхана, медбике бөлмесі ашылды. Азаматтық қорғаудың медицина қызметімен келген халыққа қажетіне қарай алғашқы медициналық көмегі және тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесімен келген халықтың жағдайы қалыпты екені анықталды.

Орын алған жағдай бойынша аудандық телекоммуникация торабымен абоненттерге ескерту берілсе, халықтың арасында ықтимал үрейді жою және халықты іс-қимылға үйрету бойынша ауданның «Азаматтық қорғаудың ақпарат қызметімен» жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы жүргізді. Кешенді оқу-жаттығу аясында Бәйгетөбе ауылдық округінен «нодульярлы дерматит»(тораптық дерматит) белгісімен мал ауруы шығып, №2 тәжірибелік тапсырма оқу-жаттығу штабымен шартты белгі азаматтық қорғау және төтенше жағдай қызметтеріне кент және ауылдық округіне таратылды. Аталған тәжірибелік көрініс Бәйгетөбе ауылдық округі №402 бекеті тұрғыны Т.Мұқановтың мал қорасында 2 бас ірі қара малды оқшаулау және оның алдын алу, жою тәсілдерімен өтті. Ауруға шалдыққан малды оқшаулау және оның салдарын жою бойынша аудандық ветеринария бөлімімен штаб құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Шартты тәжірибелік жаттығу аясында дертті мал өлексесі арнайы пешке салынып жойылды. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен халық арасында сауалнама жүргізді, аудандық ветеринария бөлімі елді мекендегі малдарды тексеру бойынша жұмыстар ұйымдастырды.

Ал кешкі сағат 18:30-да «Сұңқар-333» дабылы азаматтық қорғау қызметтеріне жедел үзіліс туралы белгі берілді. Ертесіне, яғни 21 қыркүйек күні сағат 08:00-де «Шұбар-444» дабылы ауданның шұғыл әрекет ету отрядын, азаматтық қорғау қызметтерін арнайы алаңға сапқа тұрғызу арқылы дайындыққа келтіру тапсырмасы таратылды. Сағат 11:00-де «Самал-555» №3 тапсырмасы бойынша «Азаматтық қорғау» қызметтерімен саптық дайындығы пысықталды. Оған «Азаматтық қорғаудың» 13 қызметі бойынша 25 мекеме,150 адам, 35 дана арнайы техника, шұғыл мән беру отряды жұмылдырылды. Саптық кезеңде «Тасқын-666» дабылы оқу жаттығуды аяқтау туралы белгі азаматтық қорғаудың барлық қызметтеріне таратылып, қабылдау хабарламасы алынды. Екі күн ішінде өткізілген 4 тәжірибелік жаттығу мен саптық кезеңіне Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары З.Бердашев, «Азаматтық қорғау» бөлімінің бастығы Берік Құрманалиев, облыстық Азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері: Ішкі істер департаментінен В.Те, Денсаулық сақтау басқармасынан С.Хайруллин, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен А.Досқалиева, Энергетика және тұрғын үй басқармасынан Қ.Есенов, Кәсіпкерлік және индустрия инновациялық даму басқармасынан М.Алдияров куә болып, ауданның азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығына оң баға берілді.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521