Н.Ноғаев қариялар үйі жөнінде: «Бұл – біздің дәстүрімізде жоқ, қоғамымызда ешқашан болмаған нәрсе»

(0 Votes)

10 сәуірде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәжілісі өтті.

Талқыланған ең басты мәселе – өңір тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты ахуал. Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев хабарлағандай, жыл сайын облыста адамдардың жоғалуы жөнінде 50-60 –қа дейін жүгінулер тіркеледі екен.
- Статистика бойынша, өткен жылы Атырауда және Жылыой, Құрманғазы, Индер аудандарына адамдардың жоғалуы тіркелген. Жүгінушілердің басым көпшілігі – ұзақ мерзімді іссапарларға шығатындардың, маусымдық жұмыстармен қамтылғандардың туысқандары,-дейді Мұрат Өтешев. – Жасөспірімдердің проблемасы толғандырады. Үйден кетіп қалудың негізгі себебі – отбасылық проблемалар. Баланың сұранысын ескермеу - көбінесе үйден кетіп қалуға себеп болады. Бұл ата-анамен өзара түсіністік болмауынан туындайды. Жасөспірімдердің үйден кетіп қалуына әлеуметтік желілердің де әсері бар. Осында олар виртуалды достарымен танысып, бірі - бірін іздеп, үйден кетіп қалады.
Кейбіреулер ойлағандай, жоғалып кетудің көпшілігі криминалды жағдайлармен немесе қайғылы оқиғалармен емес, отбасындағы алауыздықпен және келеңсіз жағдайлармен түсіндіріледі. Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев бүгінгі күні 6 адам жоғалып кетті деп тіркеліп, оларға іздеу салынып жатқанын атап өтті.
- Бізге жоғалып кету мәселесімен жыл сайын 50-ге дейін жүгінушілер болады. Бірақ, біз оларды тауып жатырмыз. Бүгінде 6 адам жоғалып кетті деп есептеледі, - деген түсінік берді облыстық полицияның бастығы.
Комиссия мүшелері жас буынды тәрбиелеу, қиын жағдайға ұшыраған отбасыларына психологиялық көмек көрсету, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты проблемаларды, әйелдерді қорғау және отбасы иелерінің балаларының болашағы үшін жауапкершілігі мәселелерін талқылады.
Қариялар үйінде тұрып жатқан қарт адамдарды бейімдеу проблемасы – егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін тақырып. Балалары өздерінің ата-аналарын осы мекемеге беруінің себебі не ? Бүгінгі күні Атыраудағы қариялар үйінде 104 қарт адам тұрып жатыр. Көпшілігінің отбасылары бар.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл әлеуметтік проблеманы бірлесіп шешу қажеттігін атап өтті. Мемлекет қарттарды қамқорсыз қалдырмайды. Бірақ, ата-аналары үшін балалары да жауапты болуы тиіс.
-Ең бастысы, адамдардың, қоғамның санасына осы проблемаларды жеткізу керек. Бұл – біздің дәстүрімізде жоқ, қоғамымызда ешқашан болмаған нәрсе. Бұл сіздерді өсіріп, барын сыйлаған ата-аналарыңыз. Сондықтан, оларға, алдымен сіздер жауапты боласыздар,– деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс басшысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметті бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Хамидоллаға ашық есік күндерін өткізуді, осындай адамдардың балалары мен туысқандарын шақырып, түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қариялар үйінде тұрып жатқандардың кейбіреуінің балалары табысты өмір сүруде, олардың атына жылжымайын мүліктер де тіркелген. Бірақ, айналып келгенде, мемлекеттен басқа қамқоршысы болмай отыр.
- Соңғы жылдары облыс әкімдігінің қаржылық қолдауының арқасында полицияның материалдық-техникалық базасы жақсарды. Соның ішінде, бейнекамералардың орнатылуы азаматтардың қауіпсіздігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге құқық бұзушыларға 1,5 млрд. теңге айыппұл салынды. Оның ішінде, 1 млрд 134 млн. теңге жергілікті бюджетке түсті. Құқық қорғау органдары қызметін атқаруы үшін 34 полиция бекетінің құрылысы жоспарланған. Олардың 22-і салынды. Тұтастай алғанда, барлық полиция учаскелері қажетті жабдықпен жарақталған. 98 автокөлік алынды ,– деді А.Қайыров.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарын қаржылай қолдаудың маңыздылығын облыс әкімі атап өтті.
Жүздеген адам қазаға ұшырап жатқан жолдардағы қауіпсіздік біздің санамызға да тәуелді.

Жүргізушілердің көлік айдау мәдениеті мен кәсіби машықтары мәз емес.
- Жолаушылар тасымалдауда 90 жаңа автобус қызмет көрсетуде, балансқа алынғасын тағы 30-ы көшелерге шығады. Тағы 100 автобус сатып алу жоспарымызда бар. Бұның барлығы жолаушы тасымалының сапасын жақсарту үшін жасалып жатыр. Бұл – қала тұрғындары көтеріп жүрген мәселе. Бұл жерде туындайтын проблема– көлікті жүргізу қауіпсіздігі. Жолаушыларды көп жинап аламын деп жүргізушілер жарысқа түсіп жатады. Бұны тасымалдаушы кәсіпорындардың басшылары да, жол полициясы қызметкерлері де қадағалауы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.
Жолаушылар көлігінде жылдамдықтан асып кету трекерлерін орнату жөнінде өңір басшысы өкілетті органдарға тапсырма берді.
- Біз қазір тасымалдаушы компанияларды субсидиялауды жоспарлап отырмыз, бұны бақылауға алу қажет. Ең жоғары жылдамдық сағатына 60 шақырымнан аспайтын болып белгіленсін. Біз тасымалдаушыларды сапалы қызмет көрсетіп, қауіпсіздікті сақтауға міндеттейміз, - деп басып айтты Нұрлан Ноғаев.
Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты барлық мәселелерді ведомствоаралық комиссияның мүшелері ұдайы бақылауда ұстайтын болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521