Ескірмейтін есім

(1 Vote)

Осы атқа лайықты адам бұл өмірде өмір сүрді, мәнді де мағыналы ғұмыр кешті.Ол - Қанатбаев Бержан Үсенұлы.

Бержан Үсенұлы Орал қаласындағы мұғалімдер институтын бітіріп, еңбек етіп жүргенде 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылған, Фин соғысына қатысқан. 1941 жылы елге оралғалы тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып кеткендіктен, немістерге қарсы Отан соғысына қатысады. 1943 жылы соғыста ауыр жарақат алып, екінші топ мүгедегі боп елге оралған. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» т.с.с медальдармен, грамоталармен марапатталған.

Ауылдағы Белинский атындағы орта мектептің оң жақ қапталында, үшінші ауылдың шеткі жағында, өткен ғасырдың елуінші жылдары өз маңдай терін төгіп, саман тастан салған пәтері әлі бар. Көрші болып менің ағам Есетов Тілеш те сол жерден тас басып, 1953 жылы пәтер салып алған еді. Ол да әлі күнге бар. Екі математик көрші тұрды. Бос уақытында екеуі бірігіп, шахмат ойнаушы еді. Бержан ағамыздың үйінің терезесінің алдында шарбағы болды. Тұрбамен су жүріп жататын. Аздап ағаш отырғызылған еді. Көктемде күншуаққа түс ауа шығып, терезе алдына жүруші еді. Басына жамылған үлкен сүлгіні (бет орамалды) ысырып тастап, артқа қарай желкесінен төмен түсіретін. Басын күнге қыздырып, «күн ваннасын» алып тұрушы еді. Себебі ағаның соғыстан алған жарақаты бар-тұғын. Жазғы каникул кезінде жылда Кавказға курортқа кетеді, емделеді, әрі сырттай педагогикалық институтта да оқып жүр екен ғой, кейін есейгенде білдік. Пятигорск қаласындағы пединститутты бітірген. Алгебра, геометрия, сызу сабақтарынан оқытты. Сабақ үстінде тақтада жауап беріп тұрған оқушыға қарамайтын, столында төмен қарап отыра беретін. Оқушы жауабын айтып болғанда ғана тақтаға бұрылып, оқушының тақтада шығарған есебіне не дәлелдегеніне қарап, сұрақ қоюшы еді. Сонда әлгі оқушы осы сұрағына жауап берсе, дұрыс баға, яғни «үштік», ал жауап бере алмаса, манағы терлеп-тепшіп жазған жауабы еш болушы еді. Сөйтіп, «екілікке» ие болатын.

Сол кездегі оқушылардың көбі «екілік» алмауға тырысатын. Ал егер «екі» ала қалса, оны жоюға тырысатын. Чертеждерді тақтаға қолмен әрі дәл, әрі шапшаң, әсіресе шеңберді циркульсіз сыза салушы еді. Тақтаны аса ұқыпты пайдаланатын. Сол сабақта өтілген жаңа тақырыптың материалы, соған байланысты шығарылған есептердің бәрі тақтаға бастан-аяқ сыйғызулы болатын. Мектеп болғанда, педагогикалық ұжымдағы ахуалды жақсы жағынан өте шебер атқарды деп ұғамын. Мектебіміз аралас. Орысша және қазақша сыныптар болғандықтан, ұжымда орыс, кәріс, украин т.б ұлт өкілдері еңбек етті. Бержан аға мектеп директоры болып тұрғанда, оқу ісінің меңгерушісі Тушканова Галина Сергеевна болды, ер мінезді, тура да әділ адам еді. Ағай екеуі ұжымдағы үлкен-кішіге, орыс-қазаққа бірдей көзқараспен қарағандықтан, ұжымымыз ынтымақты, тату болды, бір-біріне алакөздік т.б жағымсыз қылықтар болмады. Педагогикалық жүктемені әр мұғалімге бірдей бөліп беретін. Таңертең сабақ басталардан жарты сағаттай бұрын келіп, мектептің кіре берісінде қолын артына ұстап тұрушы еді. Оқушылардың және мұғалімдердің кешігіп-кешікпеуін қадағалайтын. Сондықтан ешбір оқушы, не мұғалім кешікпеуге, ағайдың көзіне түспеуге тырысушы еді.

Бұл да тәртіп! Педагогикалық кеңестің жөні бөлек. Жиналыста тыныштық орнайтыны сондай, шыбынның ызыңы білінеді деуге болатын. Мұғалімдер кезектесіп, ой-пікірлерін ортаға салып айтушы еді. Бержан ағаның даусын көтеріп ұрысқанын көрген де жоқпыз, естіген де жоқпыз. Әділ, парасатты, талапшыл болды. Қазақ сыныптарына математикадан Есетов Тілеш ағай, орыс сыныптарына Бержан ағай сабақ берді. Бұл екеуінің оқушыларға берген білімі мен тәртібі, беделдері бірдей бағаланушы еді. Екеуі де қан майданда (1941-1945 ж.ж) соғысқа қатысып жараланған. Елге аман-сау оралған соң мектепте мұғалімдік жұмыстарын жалғастырды. Соғысқа дейін де мектепте мұғалім болған еді. Алла тағала жау оғынан қорғап, ұрпақтарды біліммен сусындатуға, артында білімді азаматтар қалыптасуына маңдайларына жазған болар! Ағайдың жары, бастауыш сынып мұғалімі Әділова Дәметкен Ербөлекқызы.

Дәметкен апай сымбатты, аққұба, әдеміше, шашын маңдайының қақ ортасынан түп-түзу етіп ашып, артына қос бұрымын жауырынының ортасына жіберетін. Бержан Үсенұлы мен Дәметкен Ербөлекқызында оқып, олармен бір мектепте ұстаздық жұмыста болғанымды мақтан тұтамын. Екеуі де мақтаншақ пен жағымпаздықты ұнатпайтын, жаны мен жүрегі таза адамдар еді. 1918 жылы дүниеге келіп мәнді де, мағыналы өмір кешкен, соғысқа қатысып от кешкен аға ұрпақ тірі болса биыл 100-ге толар еді. Бержан Үсенұлының өзі еңбек еткен және директоры болған В.Г.Белинский атындағы орта мектебі кейіннен Қанатбаев Бержан Үсенұлының атымен аталады. Өзі тұрған көше – Б.Қанатбаев көшесі деп есімі берілді. Ескірмейтін есім деген осы болар, бәлкім?!

Орынай Есетова,

еңбек ардагері, ардагер ұстаз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521