Есіктен аттағанда Елтаңбаға қараңыз

(0 Votes)

Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жөніндегі комиссия отырысы болып өтті.

Комиссия жұмысына мүшелері, бөлім, басқарма басшылары қатысты. Жиынды ашқан Н.Ерғалиев Елбасы Н.Назарбаевтың «Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің, ел егемендігінің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Отан тәуелсіздігінің біріктіруші қастерлі бейнесін айшықтайды. Өйткені біз мемлекет тәуелсіздігін ұлтты сақтаудың түпкі негізі, шешуші құндылық ретінде қарастырамыз» деген тұжырымына тоқталды.

Басқосуда мемлекеттік рәміздерді қолдану барысында орын алған заң бұзушылықтар мен алынған шаралар туралы, атқарылған жұмыстар мен рәміздердің талапқа сай орналастырылуы мен пайдаланылуына жүргізілген тексерістер нәтижесі талқыға салынды.

Мақат пен Доссор кенті және Бәйгетөбе ауылдық округі әкімдіктерінің, аудандық ішкі істері бөлімінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану саласына қатысты жұмыстарының ахуалы жөніндегі есептері тыңдалды. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының басшысы Ә.Қаржауова жаңа қазақстандық патриотизмді, мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Бүгінде төрткүл дүние таныған, елдігімізді айшықтайтын мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет азаматтық борыш қана емес, ұлттық рухқа бастар құрал ретінде қабылданады. Оны біліп, көңілге түйген бір бөлек, ал, мемлекеттік рәміздерді дұрыс орналастыра білудің жөні басқа.

Рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібі аса маңызды. Ел Үкіметінің 2007 жылғы қаулысы бойынша Мемлекеттік Ту мен Елтаңба ұлттық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Бұл стандарттар 2008 жылдың 1 сәуірінен бас-тап енгізілгені белгілі. Бұл талаптарды орындамаған мекемелер жауапкершілікке тартылады. Комиссия отырысында белгілі болғанындай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Хамидуллина бірқатар мекемелердің маңдайшалары мен рәміздердің орналасуы жайлы олқылықтарды атады. Атап айтқанда, аудандық құрылыс бөлімінің, аудандық сәулет және қала құрылыс, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінде Ту стандартқа сай еместігі анықталса, аудандық білім беру бөліміне қарасты бірқатар мекемелерде рәміздерді қолдануда өрескел қателіктер көзге ұрып тұр. Мысалы, Хамза Санбаев атындағы орта мектебінде және Доссор балалар өнер мектебінде Елтаңбаның орналасуында қателік бар және стендте Елтаңбаның ескі үлгісі орын алған. Бәйгетөбе мектеп-балабақша кешенінің, Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектебінің, Абай Құнанбаев орта мектебі мекеме атауы жазылған маңдайшалары ауыстыруды қажет етеді.

Балабақшалар да бұл мәселеге салғырт қарап отыр. Олардың қатарында: «Қарлығаш», «Сандуғаш», «Шапағат», «Балбөбек», «Ботақан», №54 балабақшасы бар. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің, ұлттық сараптама орталығының, аудандық ішкі істер бөлімінің Туы стандартқа сай емес, мекеме атауы жазылған маңдайша ескірген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аудандық инспекциясының және желілік ішкі істер басқармасының мекеме атауы жазылған маңдайша ескірген. Аудандық соттың ғимаратында орналасқан Елтаңба стандартқа келмейді. Тексеру барысында заң бұзушылыққа жол берген барлық мекеме басшыларына арнайы ескерту жасалып, хат жолданды. Олар белгіленген мерзім ішінде заң бұзушылықты жоюы керек. Егер, бұл талап орындалмаса, мекеме басшылары белгіленген көлемде айыппұл төлейтін болады.

С.Хамидуллина отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуын латын графикасына көшіру туралы өзгеріс енгендігін қаперледі. Комиссия отырысы соңында Н.Ерғалиев мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері, сонымен қатар осы саладағы заңнамаларды сақтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521