Енді параны берген де, алған да жазаланады

(0 Votes)

Өткен аптаның сәрсенбісінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі Ұсынысын талқылау мақсатымен жиын өтті.

Мәжіліске сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Мұрат Данияров, департаменттің оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық бөлімінің басшысы Ринат Құлбалиев, ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов, сондай-ақ, кент, ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Мәжіліске төрағалық еткен аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Нұрлан Ерғалиев ауданда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған» стратегиялық жоспарды орындау барысында қабылданған іс-шараларды жүйелі жүргізіліп келетіндігін айтты. Алайда, бірнеше топ, кеңес осы бағытта жұмыс атқарғанымен де, ауданда сыбайлас жемқорлық фактілері орын алып отыр. Мәселеге орай сөз алған Ж. Қаражанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мемлекет қызметінің басты стратегиялық бағыттарының бірі екендігі, соңғы жылдары Қазақстан жемқорлық деңгейін төмендету бойынша едәуір қадам жасағандығы, осы бағытта 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына тоқталып өтті. -Жемқорлықпен күрестегі ең бірінші міндет – мемлекеттік қызметте сыбайластықты болдырмау. Осыған орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған» стратегия қабылданған болатын. Бәріңізге белгілі, Елбасы тапсырмасына сәйкес парақорлықпен күреске мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп отыр. Сондықтан оны болдырмау жолында барлық тетіктерді іске қосу қажет.

Әр мемлекеттік қызметші жемқорлыққа жол бермей, өз қызметіне адал болуы тиіс. Сыбайластыққажолберген пара беруші де, пара алушы да жазаланады-деді. Сондай-ақ мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Мұрат Данияров, департаменттің оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық бөлімінің басшысы Ринат Құлбалиев мемлекеттік жазалау шаралары, оның бұлтартпастығы мен заңның үстемдігі туралы айтып өтті. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықпен тығыз байланыста болудың да маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарына қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігін толық білулері қажет. Халықтың уақытында өтініш жасау мүмкіндігін арттыру, азаматтардың сенімін нығайту мақсатында қылмыстар жасау фактілері жөніндегі және сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық туралы ақпаратқа жедел ден қою үшін «сенім телефонын» пайдалана білудің де жөні бар. Жалпы, қоғамдағы қандай да болсын келеңсіздіктің алдын алу әрбір азаматтың рухани деңгейі мен құқықтық сауатын көрсетсе керек. Тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлықпен күресуді тек қана мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттік қызметте болсын, жеке кәсіпкер болсын, қоғамның толыққанды мүшесімін дейтін әр азамат өз арының алдында жауап бере алса, заңның да мүлтіксіз орындалары хақ. Жиын барысында жемқорлыққа қарсы жүргізілген іс-шаралар баяндалған бейнероликтер де көрсетілді.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521