Екінші инватакси табыс етілді

(0 Votes)

Доссор кентінде мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін жеті орынды Газель автокөлігі табыс етілді.

Қамқорлық айында өңірдегі ірі NCОC компаниясының демеушілігімен алынған көлік ерекше жандарды қажет жеріне жеткізетін болады. Көлікте техникалық қауіпсіздік қатаң сақталған. «ГАЗ -32212» негізіндегі автокөлік мүмкіндігі шектеулі адамдардың  көлікке оңай  кіріп-шығуына арналған  құрылғыларымен жабдықталған.

inbataksi-2

Атап айтқанда, мүгедек арбасын көтеретін электрогидрокөтергі, салқындатқыш, жылу сақтау және шудан оқшаулау материалдарымен, мүгедек арбасына арналған арнайы басқыш, тұтқалар және бекітпелері бар. Сондай-ақ, жұмсақ әрі жайлы отырғыштармен жабдықталған. Адамдар арнайы есіктен көлік ішіне кірер тұста автоматты тетікті өздері де басқара алады. Инватаксимен тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдарды ғана емес барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұранысын қамту көзделіп отыр.  Енді жолаушылар баратын жеріне дейін тегін тасымалданатын болады.

inbataksi

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Шәкір Кейкин ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға әрдайым көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, Доссор кентіне арнайы іссапармен келген облыстық мәслихат депутаты Серік Идранов инватакси автокөлігінің кілтін табыстады.

Жаңа көлікті қабылдап алған аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Тыныштық Ищанова аудан әкімдігі мен демеуші компания өкілдеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да әлеуметтік қолдау шараларының жалғасын табатынына сенім білдірді.

inbataksi-1

Бұл күні Бағытжан Құлсариевтің қуанышында шек болмады. Өйткені І топ мүгедегі он жыл бойы жұмыссыз болатын. Бұл күні қызметіне кіріскен оның қуанышы еселей түсті. «2010 жылы жұлыннан жарақат алғанмын. Сол уақыттан бері үйде жұмыссыз болдым. Бүгінгі жаңалық мен үшін – үлкен қуаныш болып отыр. Көлік сыйға тартылып жатыр. Оған қоса осында диспетчер ретінде жұмысқа орналасып жатырмын. Осындай мүмкіндік үшін алғысымды білдіремін»,- деді Бағытжан Қуатұлы.

inbataksi-4

Жалпы, қазіргі таңда ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға 2 инватакси қызмет көрсетеді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521