Бауырмал елдің бақытына бөлендім

(0 Votes)

Бүгін еліміз бүтіндей Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтуде. Бұл мереке қазақстандық этнос өкілдерінің достығы мен өзара түсіністігін әлемге паш етеді.

Қазақстанның байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ отан болып тұр. Сол себепті де 1 мамыр - халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. Түрі орыс болса да, тіні қазақ, татар ұлт өкілінің бірі- Марин Ханифа Галихановна. Ол 1932 жылы Башкирияның Уфа қаласында дүниеге келген. Ханифаны танитындар оны «Тамара» деп атап кеткен. Ол қазақ тілінде мақалдатып, мәнді сөйлегенде, талай қазақты шаң қаптырады. Тамара қазақ тілін Қазақстанға келгеннен бастап үйреніп келеді. Десе де, білдім, толдым деген ойы жоқ. «Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысамын» дейді ол.

Мақат ауданына 1952 жылы келіп, теміржол саласында жол жөндеуші болып 35 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Қазақы қонақжайлылық, мейманға есігін ашып қоятын мейірбандық Тамараның бойына дарыған. Қазақстанда тұрып, елдің салт-дәстүрін білмеу ұят деп санайды. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін Тамара халқымыздың ұлттық тағамдарын дәмді әзірлеп, сүйсініп жейді.

Өз халқының мәдениетімен қатар, қазақ халқының барлық әдет-ғұрпын санасына сіңірген татар қызы өзінің Қазақстанда тұрғанын мақтаныш етеді. «Бірлік күнін мереке етіп жариялап, жарлық жасап, барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына тоғыстырған Елбасына рақметімді айтамын. Өйткені бірлік болмаса, тірлік болмайды. Қазақтың ұлы даласындай дархан, қонақжайлылығы мен бауырмалдығы, пейілі кең қазақ деген ұлттың арқасында қанша ұлт пен ұлыстар Қазақстан деген мемлекетті паналап, мекен етті. Бейбітшілік заманда еліміз тыныш, зейнетім уақытында, тамағым тоқ болғанына қуанамын» деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

А.МАСАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521