Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Тәртіпсіз жолаушы бәрін ішімдіктен көрді

Жамбыл облысының тұрғыны Мақат вокзалына келіп, былапыт сөз айтамын деп масқарасы шықты.

Оқиға былай болған еді. Жамбылдық С.С. деген тұрғын осы жылдың жазында, дәлірек айтқанда, тамыз айының 26-сы күні №041 Атырау-Алматы жолаушылар пойызымен кетіп бара жатады. Пойыз Мақат станциясына келіп тоқтайды. Сол кезде пойыз іші «мәселені шешіп, жағдайды қалпына келтіруге» тарлық етсе керек, жұмыс тамбурында азамат Б.И. дегенмен сөзге келіспей қалады. Оқиғаны ушықтырмай, дер кезінде қоя қойса жақсы ғой. Ол №10 вагонның жұмыс тамбурында былапыт сөйлеп, айналасындағы өзге жолаушылар мен вокзал маңындағы жолаушы азаматтар мен келушілердің және мейрамхана даяшысын балағаттап, өзгелердің мазасын алып, сыйламаушылық танытады. Сөйтіп, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу түріндегі ұсақ бұзақылық әрекетке барады.

Сотта мәлім болғанындай, С.С Атырау қаласынан жұмыс бабымен келе жатып, пойызда танысы екеуі ішімдік ішеді. Ішімдіктің салдарынан мас болып, екеуара сөзге келіп қалады да, аталған вагон ресторонда шу шығарып, вагон тамбурының терезесін сындырады. Сол кезде пойыз мүлкіне нұқсан келтірген жолаушыны тәртіпке шақырмақ болған ресторан даяшылары ішімдікке масайған жолаушының былапыт сөзінің астында қалады.

Айтылған ескертулерді елемей, ақыры вагон ресторанының басшысы Мақат ауданының желілік ішкі істер бөліміне арызданған. Аталған азамат кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетіндігін білдірді. Өзінің жасаған әрекетін «арақ іштім, мас болдым, есімді білмеймін» деп өзін-өзі ақтау есебінде мас болғанын тиек етті. Алайда сот мас болу азаматтардың кінәсін жеңілдетпейтіндігін, яғни ауырлататынын ескертті.

С.С әрекеті ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен дәрежеленген. Өйткені ол былапыт сөйлеу, айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiру, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу түріндегі ұсақ бұзақылық әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде оған осы бап бойынша 2 (екі) тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазасы тағайындалған.

Д.КАУХАНОВА,

аудандық соттың кеңсе жетекші маманы.