Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Жанашырлық көзқарас спортты дамытуға себеп болады

Өткен аптада аудандық мәслихаттың ХХХІІ сессиясы өтті.

Сессия жұмысына аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмағұлов төрағалық етіп, аудан әкімі Жұмабай Қарағаев, әкімнің орынбасарлары, бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Қаржауова есеп берді.

Мәслихат депутаттары аудан жастарының толық базасын жасақтау жөніндегі аудан басшысының тапсырмасының орындалысы, теріс дін ағымдарда жүрген жастардың бүгінгі қоғамдық ортадағы тәртібі туралы, сондай-ақ, орталықтың жылдық бюджеті жайында сауалдар беріп, ұсыныс-пікірлерін қосты. Аудандағы салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорттың бұқаралығын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Естай Мақсотов баяндады.

Бөлім басшысы келер жылғы жоспарларымен бөлісті. Бөлімге 8 302 000 теңге бөлініп, 10 ай ішінде 7 654 000 игерілген. Қаржы әр түрлі спорттық шаралар өткізу және аудан спортшыларын облыстық, республикалық жарыстарға қатыстыру үшін жұмсалды.

Дегенмен, бөлім басшысының есебінен белгілі болғанындай, қаржы спортшылардың іссапары шығынына аздық еткен. Дегенмен, жанашырлық аздық етсе де, спортшылар қайсарлығымен алған жолдарынан таймай, талай додадан жеңіспен оралып жүр.

Келер жылдың еншісіндегі жобаларымен бөліскен бөлім басшысы балалар мен жасөспірімдер клубын ашу, күрес залын жаңғырту мәселесі алдағы күннің еншісінде деді. Мәслихат сессиясында Мақат пен Доссор БЖСМ-не жөндеу жұмыстары үшін бөлінген қаражаттың бастапқы мақсатынан ауытқып, өзге жұмыстарға жұмсалғандығы жөнінен хабардар болған депутаттар спорт саласына назар аударып, салауатты өмір қалыптастыруға салмақты жоспар, жүйелі жұмыс қажеттігін айтты.

Бұл ретте бірқатар проблемалық мәселелер де көтерілді. Жауапты азаматтардың өз функцияларын сапалы орындамауы себепті спорт саласы қамқорлықтан шеткері қалған. Сессияда «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешіміне және «2016-2020 жылдарға арналған Мақат ауданының аумақтық даму бағдарламасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сондай-ақ, бірқатар комиссия құрамдарына өзгерістер ұсынылды. Г.САЛИКОВА. Суретті түсірген Т.АЛМАГҮЛ.