Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Түйе ұрлаған да, түйме ұрлаған да – ұры

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ өткен аптада ауданымызда болды.

Мониторингтік топ мүшелері: Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс департаментінің басшысы Арман Бердалин, облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Руслан Тұңғышбаев, елімізге танымал қолөнерші Ырза Тұрсынзада аудандағы мемлекеттік мекемелерді аралап, қоғамдық орындарда халықпен кездесті.

Алдымен Доссор кентіндегі «Мақат мұнай-газ технологиялық колледжінде» студенттер мен педагогикалық ұжым алдында агенттік атқарып отырған жұмыстар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы қадамдарды жадылап, пікір бөлісті. Мұнан соң Мақат кентінде аудандық емхана тынысымен, Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысып, мемлекеттік қызмет көрсетушілер тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне ықпалды жайттардың алдын алу мақсатында бақылау жасап, аудандағы ахуалға ризашылығын білдірді.

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездескен қонақтарды аудан әкімі Жұмабай Қарағаев қарсы алып, тұрғындар атынан алғысын жеткізді. Жиында мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне адал да абыройлы еңбек етуі қоғамның дамуына қосқан үлесі болса, сыбайлас жемқорлық әрекетпен күресуді санасына түйіп, мемлекет мүлкіне жанашырлық көзқарас қалыптастыру бағытында ортақ мүдде, келеңсіздіктің алдын алудың маңыздылығы айтылды. Себебі, ұсақ түйекке мән беріп қарамаса, жемқорлықтың жолын кесу мүмкін болмай қалатынын ескерткен А.Бердалин: «Түйе ұрлаған да түйме ұрлағанда - ұры» атанатынын қадап айтты. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің желілері қашанда қосулы, ашық екенін ескеріп, қоғамға жанашыр жандар келеңсіз жайттар байқаса, хабарлап отыруына мүмкіндік барын жадылады.

Л.НҰРБАЕВА.

Сурет автордікі.