Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Мақат жастары кубокты жеңіп алды

Жастар арасындағы спартакиадада волейбол, кіші аяқ добы және үстел теннисінен сайысқа түсті.

Аталмыш шараға Атырау қаласынан, сондай-ақ, Құрманғазы, Қызылқоға, Махамбет, Жылыой, Исатай, Мақат ауданынан 7 команда қатысты.

Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен жарысты аудандық жастар ресурстық орталығы және «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырды. Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Хайдар Төлеуішов қатысып, спорт бұқаралылығын арттырудағы спорттық жарыстардың алар орны туралы айта келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жалынды жастар ойыны қызықты әрі тартысты өтті. Кіші аяқ добынан топтық есеп бойынша Құрманғазы командасы Мақат командасын 3:1 есебімен жеңгенімен, финалдық ойында 2:0 есебімен есе жіберіп алды. І орынды Мақат ауданы жастары командасы иеленіп, ІІ орын құрманғазылықтарға, ІІІ орын Махамбет жастарына бұйырды. Сондай-ақ, «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша М.Құспанов (Атырау қаласы), Н.Мынафихов (Құрманғазы ауданы), «Үздік шабуылшы» номинациясы бойынша А.Байниязов (Мақат ауданы) марапатталды.

Ал, волейболдан өткен сайыстың іріктеу кезеңінде тартысты ойын көрсеткен Мақат және Құрманғазы ауданының командалары ақтық сында қайта кездесіп, нәтижесінде алаң иелері жеңіске жетті. Құрманғазы ауданы ІІ орынды еншілесе, Махамбет ауданы құрамасы ІІІ орынға табан тіреді. «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша С.Қадыров (Атырау қаласы), Б.Захарбаев (Құрманғазы ауданы), Д.Маев (Махамбет ауданы) марапатталды.

Үстел теннисінен І орынды Исатай ауданы иеленсе, ІІ орын Мақат ауданы, ІІІ орынды Махамбет ауданының жастары иемденді. «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша Г.Утегенова (Құрманғазы ауданы), А.Жәрдемқызы (Мақат ауданы) марапатталды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте ІІІ орынмен «Махамбет жастары», ІІ орынмен «Құрманғазы жастары», І орынмен «Мақат жастары» марапатталып, ауыспалы кубок Исатай жастарынан Мақат жастарына ойысты. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралылығын арттырып, ынтымақтастық қарым-қатынас орнату мақсат етілген жарыс сонысымен қызықты. А.ҚАРЖАУОВА, орталық басшысы.