Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Дене шынықтыру залы ашылды

Мақат кентінде жаңадан ашылған дене шынықтыру залы келушілерге есігін ашты.

Мемлекет қолдауымен елге қажетті іспен айналысуды көздеген жеке кәсіпкер Асылжан Қуанышев «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша несие алып, өз ісін бастады. Зал «Болашақ» сауда үйінің екінші қабатында орналасқан. Мұнда бір мезгілде 10 адамның жаттығуына мүмкіндік бар.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Хайдар Төлеуішов, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Азамат Шаңғалаев, аудан кәсіпкерлері қатысты.

Ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Х.Төлеуішов: «Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының басты бағыттарының бірі – халықтың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау. Олай болса, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылғалы отырған «Денешынықтыру залы» салауатты өмір салтын ұстануға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді.

Халық игілігіне берілген нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Тренажер залы қазіргі заманғы спорттық құрылғылармен жабдықталған. Залда жаттығуға арналған заманауи үлгідегі түрлі құрал-жабдықтар, қолдың, аяқтың, іштің бұлшық еттерін шынықтыратын, бой сымбаттылығын реттейтін, жүгіруге арналған тренажерлар, велосипед және өзге де денешынықтыруға шеңбер, доп, секірмек, гантель секілді қажетті құрылғылар қойылған. Жаттығудан кейін жуынатын душ кабинасы да қарастырылған. Жеке кәсіпкер 1 адамды яғни, жаттықтырушы Әмір Қосмурзиевті жұмыспен қамтып отыр.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Сурет автордікі.